Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ұрпаққа бата
Ұрпаққа бата.
Ақ жол тілеп Алладан, бата беру менен болсын.
Жаратушы Раббым, қабыл етіп демей көрсін;
Ұрпақтың өмір жолына пір, періште жебеу болсын;
Талабы таудай биік болсын, ойы түпсіз терең болсын,
Жаманнан қашық болсын, жақсыға елең болсын;
Тергені білім болсын, баққаны өнер болсын.
Қиындықтан қайтпайтын, қайыспас емен болсын.
Денсаулығы алмастай мұқалмайтын берен болсын;
Жел сөзден аулақ болсын, тыңдауға шебер болсын;
Берекеге бейім болсын, әрекеге бөген болсын
Зейінді зерек болсын, мақтағанда керең болсын;
Ақылына ақыл қосар, зердесі жүйірік өрен болсын;
Атақ - даңқы биік болсын, ата - анадан төмен болсын;
Салт - дәстүрден кіші болсын, парасаты кемел болсын.

Зәруге жомарт болсын, уақытқа тараң болсын;
Еңбекке құштар болсын, күлкіге сараң болсын;
Сертіне берік болсын, антына адал болсын.
Намысы қайраты мен алынбас қамал болсын.
Мінезі майдақоңыр, сәуірлі самал болсын.
Көңілі көпшіл болсын, жалғызға жаран болсын;
Жекжатқа жетелі болсын, ағайынға алаң болсын;
Жарамсақтан қашық болсын, жабырқауға таяу болсын;
Көпшілік көз тігетін желбіреген жалау болсын;
Шаладай бықсып жанбай, жалындаған алау болсын;
Еліктей сергек болсын, бәйге атындай жарау болсын;
Несібесі мол болсын, мал шашпаққа қарау болсын;
Нәсібін кәсібінен табар, майталман маман болсын;
Құдайым тіл - көзден сақтап, пәле - жаладан аман болсын.

Т. Салқынбаев
Ақсуат ауылы, Тарабағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама