Ауғанстандық велошабандоз Фариба Хашими Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Ол туған елінде Талибан билігі орнаған соң әйел ретінде жаттығуға шығу мүмкіндігінен айырылып, ер адамның кейпінде жасырынып жүріп өнер көрсеткен еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Хашими спортқа 15 жасында апасы Юлдуздың жолын қуып келді. Юлдуз да халықаралық дәрежедегі велошабандоз. Алайда туған Фарьяб провинциясында бұл қауіпсіз болмады.

«Жаттығуға барарда әрдайым ер адам болып киінетінмін, екі-үш түрлі маска тағып алатынмын, сонда адамдар мені танымайды немесе шабуыл жасамайды», — деп бұған дейін Рейтер агенттігіне айтқан Хашими. Ол велосипед теуіп бара жатқанда өзіне тас лақтырылуынан сақтануға тура келгенін де жеткізген.

Қазір Хашими Италияда тұрып, сонда жаттығады. Оған бұрынғы әлем чемпионы, италиялық Алессандра Каппеллотто көмектескен.

Ауғанстандағы өткен өмірін еске алған шабандоз Талибан «біздің бостандығымызды тартып алды» деді.

«Бұл күміс медаль афған әйелдерінің қаншалықты төзімді екенін көрсете алады, мен қуаныштымын», — деді ол.

«Мен жалғыз емеспін, артымда көптеген елдерден миллиондаған әйелдің дәл осындай арманы бар екенін және олардың менімен бірге екенін білемін».

Хашими мен апасы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында өнер көрсеткен. Енді олар 2028 жылғы Лос-Анджелес ойындарын көздеп отыр.

«Мен ешқашан бас тартқым келмейді, — деді Хашими. — Лос-Анджелесте тағы не боларын көрерміз деп үміттенемін».