Түркістан облысының Отырар ауданында жеті күн бұрын жоғалған ана мен төрт баласы аман-есен табылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Полиция мәліметінше, жергілікті тұрғын құқық қорғау органдарына әйелі мен төрт баласының үйден шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы арызданған. Осыдан кейін полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын бастап, ауданға кіретін және шығатын жолдарда бақылау-өткізу пункттерін құрып, көршілес аймақтарға бағдарлама жолдады.

Іздестіру барысында 6, 5 және 3 жастағы үш баласымен және 10 айлық сәбиімен бірге кеткен әйел таксиден табылып, полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында әйелдің күйеуімен тұрмыстық жанжалдан кейін балалары мен құжаттарын алып, ешкімге айтпастан Шымкентке кеткені және сол жақта жалдамалы пәтерде тұрғаны анықталды.

Полицияның хабарлауынша, отбасы мүшелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, туыстарының қатысуымен тараптар татуласқан. Анасы балаларымен бірге үйіне аман-есен оралды.