АҚШ әкімшілігі 200 мыңға жуық босқын визасын жоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Associated Press агенттігі мемлекеттік департамент құжаттары мен екі америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлады.
Дональд Трамп әкімшілігі дүйсенбі күні АҚШ-қа қысқа мерзімді келуші ретінде кіріп, кейін тұрақты тұру үшін босқын мәртебесін сұраған шетелдіктердің иммигранттық емес визаларын жоюды жоспарлайтынын мәлімдеді. Бұл — иммиграцияны қатаңдату бойынша кең ауқымды шаралардың соңғысы.
Мемлекеттік департамент өкілінің айтуынша, олар Ішкі қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, «АҚШ-қа қысқа мерзімді келуші ретінде келген, бірақ тұрақты тұру үшін босқын мәртебесін сұраған шетелдіктердің иммигранттық емес визаларын анықтап, жоюды» үйлестіруде.
Мемлекеттік департамент бұл процесте қанша визаның жойылатынын нақты айтпады. Алайда Associated Press мәліметінше, бизнес және туризм визаларының 200 мыңға дейін жойылуы мүмкін. Бұл жүзеге асса, АҚШ тарихындағы ең ірі жаппай виза жою шарасы болмақ.
Associated Press хабарлауынша, мемлекеттік департамент 2016-2026 жылдар аралығында берілген B1 және B2 визаларын жояды. Бұл визалар бизнес және туризм мақсатында беріледі. Олардың иелері босқын мәртебесін сұраған немесе қазір сұрап жатқандар.
Визалардың жойылуы дереу депортацияға әкелмейді. Көпшілігінің босқын ісі қаралып жатқандар қайта санатталады, бірақ бизнес немесе туризм санатынан айырылады.
Дүйсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау X әлеуметтік желісінде америкалық иммиграция жүйесі «ұзақ уақыт бойы негізсіз босқын өтінімдерімен толып кеткенін» жазды.
Мемлекеттік департамент осы айдың басында Трамп әкімшілігі кезінде 175 мыңнан астам шетелдік азаматтың визасы жойылғанын хабарлаған.
АҚШ президенті иммиграцияны қатаңдату шараларын жүргізіп жатыр. Оған визалар мен грин-карталарды жою және агрессивті депортация науқаны кіреді. Оның айтуынша, бұл шаралар ішкі қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған.
Құқық қорғаушылар бұл шаралар сөз бостандығы мен заңды процес құқықтарын бұзып, әсіресе этникалық азшылықтар үшін қауіпті орта туғызатынын айтады. Олар нәсілдік профильдеу мәселесін көтеріп отыр.
Трамп 2024 жылы заңсыз иммиграцияны тоқтату уәдесімен сайлауға түскен. Алайда оның әкімшілігі заңды иммиграцияны да қиындатып жатыр. Мысалы, кейбір жұмыс визаларына өтініш берушілер үшін жаңа және қымбат алымдар енгізілді. Үкіметтің бұл шаралары сотта даулануда.


