АҚШ Әуе күштерінің мүшесі Техас штатындағы стадион төбесінен арқанмен түсу кезінде құлап, қаза тапты. Оқиға Сан-Антониодағы биіктігі 52 метрлік «Аламодом» аренасында колледж футбол матчының алдындағы салтанат үстінде болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бейнежазбада әскери қызметшінің аяғымен алға қарай алаң ортасына құлағаны көрінеді. Матч Техас университетінің Сан-Антонио бөлімшесі мен Әскери-теңіз академиясының командалары арасында өткен.

Әскерилер қаза тапқан адамды Сан-Антонио бірлескен базасындағы тактикалық әуе басқару тобының нұсқаушысы сержант Иан Паттерсон деп анықтады. Ол ауруханада көз жұмды. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізілуде.

Аталған қайғылы жағдайдан кейін UTSA Roadrunners пен Navy Midshipmen арасындағы ойын жоспарланғандай жалғасты. Колледждік атлетика қауымдастығы матчты өткізу туралы шешім әскери қызметшінің қазасы расталғанға дейін қабылданғанын мәлімдеді.

«Оның отбасына, достарына, қызметтестеріне және 57-ші қанат мүшелеріне қайғырып көңіл айтамыз», — делінген American Conference ұйымының мәлімдемесінде.

Неллис әуе базасы таратқан мәлімдемеде Әуе күштерінің бригадалық генералы Скотт Миллс: «Бұл қасірет 57-ші қанатта терең сезіледі. Техник-сержант Паттерсон мен оның қызметі біздің қанат үшін аса маңызды болды», — деп атап өтті.

Неллис әуе базасының дерегінше, Джорджия штатындағы Форт-Стюарттан шыққан Паттерсон АҚШ әскери қызметінде 15 жыл болған. Ол бірнеше әскери марапатқа ие болып, 2022 жылы Әуе күштері штабы деңгейінде «Жылдың үздік әуе күштерінің арнайы соғыс нұсқаушысы» деп танылған.

UTSA президенті Тейлор Эйми: «Әскери қызметшінің отбасына, оның әріптестеріне, эскадрильясына және осы жүрекжарды қасіреттен зардап шеккен барша адамға терең әрі шынайы көңіл айтамын», — деді.