АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Федералдық тергеу бюросына (ФБР) хакерлер шабуыл жасады. Бұл туралы жұма күні американдық бұқаралық ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алдымен NBC News, одан кейін CNN телеарнасы таратқан мәліметке сәйкес, екі оқиғаның өзара байланысы бар-жоғы және оған кім жауапты екені әзірге белгісіз.
Соңғы апталарда АҚШ-тың түкпір-түкпіріндегі ірі техникалық іркілістер жолаушылар қозғалысына, байланысқа және электрондық саудаға кедергі келтірді. Тіпті Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің аса құпия желісіне де әсер етті.
Дональд Трамп халықты тыныштандыруға тырысып, адамдарды «сабыр сақтауға» шақырды. Лауазымды тұлғалар түрлі іркілістердің қылмыстық әрекетке қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
NBC News жұма күні министрліктің бұрынғы екі қызметкеріне сілтеме жасап, Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлеріне фермерлерге төлем жүргізуге арналған жүйеге кибершабуыл жасалғаны туралы хабарланғанын жазды.
Бұрынғы шенеуніктердің айтуынша, хакерлер төлем жүйесін неғұрлым құпия материалдарға қол жеткізудің артқы есігі ретінде пайдалануы мүмкін.
Министрлік «көптеген қорқынышты биологиялық мәселелермен» айналысады, ал «егер қарсылас немесе бәсекелес сол ақпаратқа қол жеткізсе, олар біздің зерттеулерімізді өзімізге қарсы пайдалануы мүмкін», — деген бұрынғы шенеуніктің сөзін келтіреді NBC.
CNN жұма күні ФБР-ге қыркүйек айынан бері екінші рет хакерлік шабуыл жасалғанын бөлек хабарлады.
Тергеу барысынан хабардар екі адамға сілтеме жасаған CNN-нің мәліметінше, бюро Ұлттық қылмыстық ақпарат орталығына (NCIC) хакерлердің кіргенін тергеп жатыр.
NCIC федералдық, штаттық және жергілікті құқық қорғау органдарын байланыстыратын бүкіл елдік қылмыстық ақпарат базасы болып табылады және ол ұстау санкциялары мен анықтамалық тексерулер туралы ақпарат алмасуға пайдаланылады.
«Күн сайын елдің түкпір-түкпіріндегі қызметкерлер NCIC-ке іздеуде жүрген қылмыскерлерді анықтау, жарияланған ұстау санкцияларын тексеру және қызметкерлер мен қоғам қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін ақпаратқа қол жеткізу үшін сүйенеді», — деді CNN-ге ФБР-дің бұрынғы қызметкері.
Бұрынғы шенеунік хакерлер «қызметкерлер сүйенетін ақпараттың дәлдігіне нұқсан келтіруі мүмкін» деген алаңдаушылық білдірді.
AFP агенттігі ФБР мен Ауыл шаруашылығы министрлігінен түсініктеме сұрады.
Айта кетейік, ФБР директоры Кэш Патель бейсенбі күні Шон Хэннити жүргізетін Fox News бағдарламасына шығып, өз ведомствосының кибершабуылдарға тойтарыс беру үшін қабылдаған шараларын насихаттады.
Патель ФБР мен АҚШ-тың барлау қауымдастығы «Winter Shield» деп аталатын кибершабуылға қарсы бастама аясында «қаскөй әрекеттерді» бақылауды жалғастыратынын айтты.
«Ал егер мұндай әрекет орын алса, бұл ФБР олардың ізіне түсетініне сенімді бола аласыз», — деді Патель.
ФБР мен Ауыл шаруашылығы министрлігінде жаңадан анықталған бұзушылықтар хакерлік шабуыл деп сипатталды, олар қараша айының басында Microsoft Outlook пен Федералдық авиация әкімшілігіне әсер еткен іркілістерден өзгеше.
Қыркүйек айында ShinyHunters деп аталатын хакерлік топ ФБР-дің жұмысқа орналасу сайтындағы қызметкерлердің жеке деректеріне қол сұққан болатын.
Трамп әкімшілігі бейсенбі күні киберқауіпсіздік жөніндегі басшы Шон Кэрнкроссқа қызметтен босатты, өйткені ірі іркілістер тізбегіне байланысты сын күшейген еді.


