Мамыр айының соңында Астана – Павлодар тас жолында болған жол-көлік оқиғасынан 20 жастағы Талғат Емел зардап шекті. Ол астанадан ата-анасына таксимен бара жатқанда, көлік жол бөгетіне соғылған. Апат салдарынан үш адам жарақат алды. Ең ауыр жарақатты Талғат алды – ол клиникалық өлімді бастан кешіріп, екі аяғынан айырылды. Рөлде Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлы болған. Зардап шегушінің туыстары әкесінің байланыстары жүргізушіні жазадан құтқаруы мүмкін деп қауіптенеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Зардап шегушінің әпкесі Гүлсім Абайылдинова: «Кінәлінің туыстары тергеу барысына әсер ете алады деп қауіптенемін. Өйткені кінәлінің әкесі – Арыс қаласының әкімі. Мен әділдік қалаймын, заңның қатаңдатылуын қалаймын. Оның бір жыл ішінде 29 рет жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталды», – деді.
Жүргізушінің әкесі, Арыс әкімі Қайсар Маңқараев ұлының кәмелетке толғанын және өз жауапкершілігін өзі көтеруі тиіс екенін айтты. Ол: «Мен ешқашан лауазымдық өкілеттігімді жеке мүддеме пайдаланған емеспін және пайдалануды ойламаймын. Тергеу барысына немесе іс бойынша қабылданатын процессуалдық шешімдерге әсер етуге ешқандай әрекет жасамағанымды және жасамайтынымды айтамын. Заң бәріне бірдей. Бұл қағида менің отбасымның мүшелеріне де бірдей қолданылады», – деп атап өтті.
Такси жүргізушісі үй қамауына алынған. Оған қатысты «Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл бап екі жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Бұған дейін Маңғыстауда төрт адам қаза тапқан тағы бір жол-көлік оқиғасының кінәлісіне үкім шығарылды.


