2024 жылы Пенсильвания штатының Батлер қаласында өткен Дональд Трамптың сайлауалды митингісінде оқ тиген Джим Копенхавер қайтыс болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында Копенхаверді «нағыз американдық патриот» деп атады. «Екі жылдан астам уақыт бұрын Пенсильванияның Батлер қаласында жынды қарулы адам біздің «Америка бірінші» қозғалысымызды басып-жаншуға әрекеттенді. Алайда Джим мен елімізді сүйетін тағы да көптеген керемет патриоттар Бостандық, Еркіндік және Әділет деген ортақ құндылықтарымызды қорғауда бірлік танытты», — деді Трамп. «Жүрегіміз бен дұғамыз Копенхавер отбасымен, әсіресе оның керемет жұбайы Мэрианмен бірге».

Копенхавер отбасының адвокаты оның АҚШ-қа деген адалдығы «өмірінің айқындаушы бөлігі» болғанын айтты. «Ардагер ретінде ол қарулы күштер қатарында елімізге адал қызмет етті, Отанына деген сүйіспеншілігі ешқашан селқостанған емес», — деді заңгер Би-би-сидің америкалық серіктесі Си-би-эс ньюстің хабарлауынша.

Батлердегі митингіден бір жыл өткен соң Си-би-эс ньюске берген сұхбатында Копенхавер мен оқ тиген үшінші қатысушы Дэвид Датч жарақаттан кейін инфекциялар мен оталарды бастан өткергендерін айтқан. Копенхавер қолы мен ішінен жараланған. Бір жылдан кейін оқ оның денесінде омыртқасының қасында қалып қойғанын, сол себепті таяқпен жүретінін ол Си-би-эс ньюске айтқан.

Датч пен Копенхавер маусым айында федералдық үкіметке олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағаны үшін залал өтемақысын талап етіп сотқа жүгінген. Олардың пайымдауынша, Құпия қызмет олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағандықтан, жарақаттары үшін жауапты.

АҚШ Өкілдер палатасындағы республикашылдар да жұма күні Копенхаверге құрмет көрсетіп, әлеуметтік желідегі жазбасында: «Джим төзгісіз қиындықты күш-жігер мен табандылықпен бастан өткерді», — деп жазды.