Криптовалюта нарығындағы ең ірі алаң саналатын Binance биржасы бейсенбі күні бұзып кіру салдарынан ұрланған 6,3 млрд долларлық активтің 90 пайызын жапқанын мәлімдеді. Қалған 10 пайызды қажетті көлемде табуға көбірек уақыт кетуі мүмкін екенін де компания жасырмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Binance осы уақытқа дейін шығынның 100 пайызын өз мойнына алатынын бірнеше рет уәде етіп келген. Крипто тарихындағы ең ауқымды бұзып кіру деп болжанған оқиғаның орнын толтыру үшін компания 6,34 млрд доллардан астам қаржыны резервке бөлгенін хабарлады. «Ұрланған қаражаттың қаржылық салдарын пайдаланушылар емес, Binance өзі көтереді», — делінген компанияның сенбі күні таратқан мәлімдемесінде.

Активтерді түрлі қорлар мен өз корпоративтік қазынасы есебінен толықтырғанын хабарлаған биржа биткоин, эфириум және Tether криптовалюталарының, сондай-ақ айналымда кең тараған тағы жеті криптоактивтің барлық қорлары жабылғанын атап өтті.

Компанияның келесі мақсаты — пайдаланушыларға ақша шығару қызметін қайта іске қосу. Ол 1 қараша, сенбі күні ақша шығару жұмысын жаңғырту жоспарынан таймай отырғанын, тиісті мәліметтер нақтыланған соң қосымша ақпарат беретінін жеткізді.

Бұл бұзып кіру тарихтағы ең ірі оқиға деп есептеледі және 2025 жылы Bybit биржасында болған 1,5 млрд долларлық тонаудың рекордын асып түсті. Binance-тің алғашқы тергеуі инженердің ноутбукіне қол сұғылғанын, соның арқасында рұқсатсыз ақша шығаруға жол ашылғанын көрсетті. Алайда кейінгі жаңартуда компания «қосымша бұзу нүктелері» анықталғанын мәлімдеді. Binance-тің тең бас директоры Ричард Тэңнің айтуынша, бұзып кіруді бір адамнан көбі жасаған, ал хакерлер іздерін жасыру үшін «өзін-өзі жою механизмі» сияқты күрделі әдістерді қолданған.

Жұма күні компания құқық қорғау органдарымен, барлау ұйымдарымен және серіктестерімен бірлесіп, ұрланған активтердің шамамен 3 млрд долларын бұғаттағанын хабарлады. Тергеу жалғасып жатқанын да қосты. Ал АҚШ-тың Құпия қызметі жұма күні жекеменшік сектор серіктестерімен бірге Binance-тен ұрланған қаражатты «анықтау, бұғаттау, ізін салу және қайтару» үшін «тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын» мәлімдеді.

Ірі блокчейн-аналитикалық екі компания өздерінде Солтүстік Корея мемлекеті қолдайтын, TraderTraitor деп те аталатын Lazarus Group тобының ықтимал кінәлі екенін дәлелдейтін сенімді барлау деректері бар екенін айтады.

Федералдық тергеу бюросы (ФТБ) өткен жылы Bybit биржасындағы 1,5 млрд долларлық тонауға Солтүстік Кореяның жауапты екенін мәлімдеген. Солтүстік Корея бұл шабуылдарға қатысы барын үнемі жоққа шығарып келеді.

2017 жылы Қытайда құрылған Binance пайдаланушыларға цифрлық активтерді сатып алуға, сатуға және айырбастауға мүмкіндік береді. Компанияның әлемде жүздеген миллион пайдаланушысы бар деп есептеледі. Крипто — физикалық түрде жоқ, цифрлық әмиян немесе компьютер арқылы қол жеткізілетін цифрлық актив.