Боливиядағы әскери казармада болған жарылыс салдарынан кемінде екі адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Жарылыс жергілікті уақыт бойынша жұма күні сағат 14:30-да (Гринвич бойынша 18:30) Виача қаласындағы артиллериялық полк орналасқан казармада болды. Боливияның қорғаныс министрі Эрнесто Хустинианоның мәліметінше, жарылыс "пиротехникалық материалдардың" тұтануынан орын алған. Қазіргі уақытта кемінде 58 адам жарақат алғаны белгілі.
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Рита Небраска жергілікті телеарнаға берген сұхбатында қаза тапқандар саны 10-15 адамға жетуі мүмкін екенін айтты. Бұл ақпаратты Reuters агенттігі таратты. Жарылыс Ла-Пастан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан Виача қаласында болды.
Полицияның хабарлауынша, жарылыс салдарынан ондаған үй зақымданған, негізінен терезелер сынған. Құтқарушылар қираған үйінділер астынан адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Небраска тағы да жарылыс болу қаупі бар екенін ескертіп, тұрғындарды әскери базадан кемінде 150 метр қашықтықта болуға шақырды.
Полиция өкілі Роджер Роканың AFP агенттігіне айтуынша, казармада фейерверктер сақталған, жарылыстың себебі әлі тергелуде. Виача билігі үш күндік аза тұту жариялады.


