Чикаго өзеніне 90 мыңнан астам резеңке үйрек жіберілді. Бұл дәстүрлі шара жыл сайынғы Ducky Derby аясында өтті. Колумбус Драйв көпірінен төгілген үйректер өзенде шамамен 15 минут қалқып, кейін жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Іс-шара Иллинойс штатындағы Арнайы Олимпиада ойындарына қаржы жинау мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Биылғы жарысқа мыңдаған адам қатысты. Ducky Derby елшісі, 13 жыл бойы Арнайы Олимпиадаға қатысып келе жатқан Бекки Каванағ жеңімпаз үйректі судан алып шықты. Оның айтуынша, Арнайы Олимпиададағы ең ұнайтын сәті — «жаңа достар табу». Жарыс алдында ол жеңімпаз үйректі таңдауға дайын екенін «Woo!» деп айқайлап білдірді.
Иллинойс Арнайы Олимпиадасы мүгедектігі бар адамдар үшін штат бойынша түрлі жарыстар ұйымдастырады. Жарысқа қатысу үшін «жалғыз үйрекке» демеушілік 10 доллар тұрады, бұл қаражат бір спортшының жарыстағы түскі асын өтейді. Алты үйректен тұратын «quack pack» пакеті 30 долларға сатылады, бұл қаражат командаға алтын медальдар алуға жұмсалады. Биылғы жарыс 480 мың доллардан астам қаражат жинады.
Ең жылдам үйректің демеушісі жеңіс ретінде SUV көлігін, ал екінші орын иесі 2500 доллар ақшалай жүлде алады. Иллинойс Арнайы Олимпиадасының президенті Пит Бил-ДельВеккио бұл күнді спортшылар үшін тамаша күн деп атады. Жарыс алдында өзен жағасында қатысушылар резеңке үйректермен суретке түсіп, диджейдің әуеніне биледі.


