Қытайдың оңтүстік-батысындағы Чунцин қаласында болған қатты көшкін салдарынан сегіз адам қаза тауып, кем дегенде 34 адам хабарсыз кетті. Бұл туралы Франс Пресс және Ассошиэйтед Пресс агенттіктеріне сілтеме жасап infohub.kz сайты хабарлайды.
Қытай билігінің мәліметінше, көшкін 17 шілде күні таңғы 9:10-да (01:10 Гринвич бойынша) Чунцин қаласының Пэншуй уезінде болды. Оқиға салдарынан сегіз адам қаза тауып, 34 адам із-түзсіз жоғалды, 1100-ден астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы мемлекеттік БАҚ хабарлады.
Қытайдың Орталық телеарнасы таратқан кадрларда тау бөктеріндегі тұрғын және сауда көшесінің бір бөлігі тас пен топырақ астында қалғаны көрсетілген. Құтқарушылар қираған үйінділер астынан он адамды шығарды, оның екеуі ауыр жарақат алған. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Көшкін болған жердің бір шақырым радиусында су, электр және газ жүйелері өшірілді. Құтқару жұмыстарына 800-ден астам адам жұмылдырылды. Билік Чунцин қаласына 8 000 апаттық көмек жиынтығын, оның ішінде шатырлар, жиналмалы кереуеттер және отбасылық авариялық жинақтарды жіберді.
Пэншуй уезі Чунциннің оңтүстік-шығысында орналасқан, Хубэй және Гуйчжоу провинцияларымен шектеседі. Жергілікті шенеуніктің айтуынша, көшкін болған аймақ «алдын ала болжау мүмкін емес» тік жартастармен танымал, ал құздың бүйірінде қауіпті тастар қалып отыр.
Қытай Қаржы министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, үкімет құтқару және көмек көрсету жұмыстарына 50 миллион юань (7,36 миллион доллар) бөлді. Қытай президенті Си Цзиньпин құтқару жұмыстарын ғылыми түрде ұйымдастыруды және апат себебін тез арада анықтауды тапсырды.
Айта кетейік, осы айдың басында Қытайдың батысындағы Ганьсу провинциясының таулы аймағында болған көшкін салдарынан 21 адам қаза тапқан еді.


