Батыс Колумбияны дүр сілкіндірген магнитудасы 7.4 болатын жер сілкінісінен кейін 36 сағат бойы үйінді астында қалған 32 жастағы әйел тірідей құтқарылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Перейра қаласындағы қираған ғимарат астынан Даниэла Ларгоны құтқару операциясы 10 сағатқа созылды. Өрт сөндірушілер оған төрт бетон плитасының астынан туннель қазып, жетті. Ресми мәліметтер бойынша, жер сілкінісінен кемінде 188 адам қаза тапты, жүздеген адам әлі іздестірілуде. Колумбия астаналары қауымдастығының (Asocapitales) деректеріне сәйкес, кофе өсіретін аймақтағы Перейра қаласында 79 адам қаза тапқаны расталды, бұл — 95 адам қаза тапқан Кали қаласынан кейінгі екінші көрсеткіш.

Ларгоның анасы AFP агенттігіне жергілікті тұрғынның қызының үйінді астынан көмек сұрап айқайлағанын естігенін айтты. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен соң, шағын камераның көмегімен Ларгоны тапты. Алайда оны құтқару жолында төрт ауыр бетон плитасы кедергі келтірді. Богиотадан жіберілген әріптестері мен ұлттық полицияның төтенше жағдайлар тобы қолдаған жергілікті өрт сөндірушілер оған жету үшін екі туннель қазуға мәжбүр болды. Жоғарыдан қазылған бірінші тесік арқылы олар Ларгоға оттегі берді. Ал төменнен қазылған екінші туннель арқылы ғана оны босата алды. Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприелла оның құтқарылуын әлеуметтік желіде атап өтіп, бұл «бізге үміт сыйлайтын жаңалық» екенін жазды.

Ларгоның анасы «үйде оны 12 жасар ұлы күтіп отыр» деді. Перейрада кемінде 92 ғимарат құлады. Asocapitales мәліметінше, 15 адам үйінді астында қалғаны белгілі, тағы 37 адам хабар-ошарсыз кеткен. Колумбияның үшінші ірі қаласы Калиде сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де 200-ден астам адам әлі де үйінді астында қалуда.