Филадельфия полициясы куыршак маскасы киген белгісіз ер адамның қала тұрғындарына қауіп төндіріп, оларды қуып, қорқытқанын хабарлады. Оқиға өткен аптада қала орталығындағы мэрия маңында болған. Күдікті кемінде алты адамға қауіп төндіріп, оларды қуған.

Полицияның мәліметінше, қуыршақ маскасын киген ер адам бір әйелге «өлуге дайынсың ба?» деп сұрақ қойған. Бұл оқиға 12 тамызда таңғы 5:30 шамасында болған. Камераға түсіп қалған видеода ол таңғы жүгірумен айналысып жүрген әйелді қуып, қорқытқан. Қолын артына ұстап тұрып, қауіпті сөздер айтқан. Әйел құлап, жарақат алған. Күдікті оқиға орнынан жерасты метро станциясына қарай қашып кеткен.

Филадельфия полиция департаментінің капитаны Джейсон Смиттің айтуынша, күдікті оқиғаны өз телефонына түсіріп алған сияқты. Оның айтуынша, бұл әрекеттер әлеуметтік желідегі трендке байланысты болуы мүмкін, бірақ әзірге нақты ақпарат жоқ.

Күдіктіге террористік қауіп төндіру, қарапайым шабуыл және басқа да айыптар тағылуда. Полиция оны анықтауға көмектесетін азаматтардың ақпаратын сұрап, күдіктінің фотосуреттері мен видеосын жариялады.

Луанда Мариньо есімді әйелдің айтуынша, ол таңғы жүгіруге досымен кездескенде маскалы ер адамға тап болған. «Ол бізге: "Менімен жарысқың келе ме? Мен сендерден жылдаммын. Жарысайық па?" деп бірнеше рет сұрады. Бірақ ешкім жауап бермеді. Бұл өте оғаш еді», — деді Мариньо. Олар қазір жүгіру бағытын өзгертуді қарастырып жатыр. «Бұл жай ғана оғаш, қандай да бір бұрмаланған ойын сияқты», — деді ол.