Дунай өзеніндегі су деңгейінің рекордтық төмендеуі Еуропаның нацистік өткенін еске түсіріп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ондаған әскери кемелердің қалдықтарын су астынан көрсетті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Сербия мен Румыния шекарасындағы өзеннің ортасында, әдетте су астында қалатын құмды жағада сынған кеме корпусы көрінді. Басқа кемелер ішінара суға батқан күйде, кейбірі әлі күнге дейін қару-жарақпен жүктелген деп есептеледі.
Бұл кемелер Адольф Гитлердің Қара теңіз флотының құрамына кірген, неміс әскери күштері соғыстың аяғында Кеңес әскерінің ілгерілеуін бәсеңдету үшін оларды әдейі суға батырған болатын. Тарихшылардың айтуынша, 1944 жылдың қыркүйегінде осылайша 200-ге жуық неміс әскери кемесі суға батырылған. Алайда нацистік Германия келесі жылы, 1945 жылдың мамырында ғана тізе бүккен.
Бұрынғы құрғақшылық кезінде де бұл кемелер су бетіне шығып, кейін Еуропадағы екінші ұзын өзендегі су деңгейі көтерілгенде қайта су астында қалған. Сербия үкіметі бұрын да бұл кеме қалдықтарын алып тастауға тырысқан, бірақ олардың көпшілігі әлі күнге дейін жарылғыш заттармен бірге орнында қалып отыр.
Өзеннің басқа бөліктерінде де Екінші дүниежүзілік соғыстың басқа да қалдықтары табылды, соның ішінде Будапешт қаласында неміс әскери мотоциклі де бар. Словакияда полиция жарылмаған британдық 700 келілік бомбаны тауып, оны арнайы жабдықталған өрт сөндіру көлігімен қауіпсіз жерге апарып, 5 метр тереңдіктегі шұңқырда жарып жіберді.
1944 жылы Британияның Корольдік Әуе күштері жау әскерлерінің қозғалысын бұзу үшін өзенді миналаған болатын. 10 ел арқылы ағатын Дунай өзенінде су деңгейінің төмендеуіне байланысты кеме жүзу қауіпті болып барады. Ұзақ құрғақшылық Еуропаның ірі өзендеріндегі су деңгейін жыл мезгіліне қарағанда айтарлықтай төмендетіп, көптеген электр станциялары салқындату үшін табиғи су көздеріне тәуелді болғандықтан, энергетикалық дағдарыс туғызды.
Қарқынды жазғы ыстық пен құрғақшылық жағдайлары адам әрекетінен туындаған климаттық дағдарыстың күшеюіне байланысты болып отыр. Орталық және Шығыс Еуропаның бірнеше елінде температура рекордтары жаңартылды, бұл континент бойынша орман өрттері мен құрғақшылыққа әкелген экстремалды ауа райының жалғасуын көрсетеді.
Словакия, Аустрия және Венгрия биыл апта ішінде температура рекордтарын тіркеді. Бейсенбіде Словакияның гидрометеорологиялық агенттігі Дольне Плахтинце ауылында жаңа ұлттық рекорд — 42 градус Цельсий тіркелгенін хабарлады.


