Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласына жақын орналасқан тұрғын үйде жаппай атыс болып, кемінде 11 адам қаза тапты. Сейсенбі күні кешке КваМахута елді мекеніндегі үйге қарулы адамдар басып кіріп, 14 адамға оқ жаудырған. Полицияның мәлімдеуінше, оқиға орнында он адам қаза тапқан, төртеуі ауруханаға жеткізілген, олардың біреуі кейін жарақатынан көз жұмған.

Полиция құрбандардың кейбірі заңсыз әрекеттерге қатысы бар деп күдіктеніп, тергеу мүддесі үшін қазір бұл туралы толық айта алмайтынын жеткізді. Атыстың себебі әзірге анықталмағанымен, құқық қорғау органдары «қарсы топтар арасындағы қақтығысты» жоққа шығармайды.

«Қазіргі деректерге қарағанда, 13 ер адам мен жүкті деп есептелетін бір әйел үй ішінде кеш өткізіп жатқанда, үш адам келіп оларға оқ жаудырған», — делінген полиция мәлімдемесінде. Қаза тапқандардың қатарында сол әйел де бар.

Оқиға орнында болған eNCA телеарнасының тілшісінің айтуынша, қарулы адамдар қашып кетер алдында құрбандардың біреуіне тиесілі көлікті өртеп кеткен. Жарияланған бейнежазбада өртенген көлік көрінеді.

Полиция күдіктілерді ұстау үшін арнайы іздестіру шараларын бастады.

Оңтүстік Африка Республикасы әлемдегі ең жоғары қылмыс деңгейі бар елдердің бірі саналады. Полиция деректері бойынша, мұнда күніне 60-тан астам адам өлтіріледі.

Соңғы апталарда кемінде тоғыз әйелдің өлтірілгені, олардың кейбірінің денесі жол жиегіне тасталғаны туралы хабарлар елдегі қорқынышты күшейтті.

Өткен жылы Йоханнесбургтегі түнгі клубта болған жаппай атыста тоғыз адам қаза тапқан еді.

Елде қылмыстық топтар арасындағы аумақ үшін талас, есірткі саудасы және заңсыз кен өндіру жиі кездеседі, бұл қауымдастықтардағы зорлық-зомбылықты тудырады.

Ақпан айында Президент Сирил Рамафоса ұйымдасқан қылмыс «демократиямызға, қоғамымызға және экономикалық дамуымызға ең бірінші кезектегі қауіп» екенін айтып, полицияға қолдау көрсету үшін әскер жіберетінін мәлімдеген.