Египеттің Қызыл теңіз жағалауында болған жол апатынан кемінде 16 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Тағы 28 адам жарақат алды. Оқиға сәрсенбі күні таңертең Оңтүстік Синай провинциясындағы Дахаб пен Нувейба қалалары арасындағы жолда болды. Египет пен Иордания БАҚ-тарының мәліметінше, қаза тапқандар арасында Иордания азаматтары да бар.
Египет денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнына 20-ға жуық жедел жәрдем көлігі жіберіліп, алғашқы көмек көрсетіліп, жарақаттанғандар эвакуацияланды. Апаттың себебі әзірге белгісіз. Бұл аймақ — әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартатын танымал демалыс орны.
Египетте жол апаттары жиі тіркеледі. Биліктің мәліметінше, 2025 жылы елде 6000-ға жуық адам жол апатынан қаза тапқан. Мұндай оқиғалардың себебі көбінесе абайсыз жүргізу мен жолдардың нашар жағдайы деп көрсетіледі. Өткен айда солтүстік-шығыстағы Исмаилия провинциясында екі жүк көлігі соқтығысып, 18 адам қаза тауып, 30 адам жарақат алған еді.


