Еуропалық Одақ 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін салынған санкцияларды екі олигархтан алып тастауға дайындалып отыр. Бұл шешім Украинада ашу-ыза туғызды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Франция ресейлік-өзбек миллиардері Алишер Усмановты тізімнен шығаруды «ұлттық қауіпсіздік мүддесімен» негіздеп талап еткен. Люксембург болса ресейлік-израильдік кәсіпкер Михаил Фридманды алып тастауды сұраған — ол қатырылған активтерін босату үшін осы елге қарсы сотқа шағымданған.
Латвия бастапқыда келісімге қарсы болғанымен, ымыраға көнді. Оның бір шарты — өзге де шамамен 3 мың жеке тұлға мен ұйымға салынған санкцияларды тағы үш жылға ұзарту.
Украиналық шенеуніктер бұл қадамды «қабылдауға болмайтын» деп атап, Мәскеуге қате сигнал жібереді деп бағалады.
«Мәскеу мейрамдап жатыр, өйткені қалағанын алды: жазасыздық сезімі, ЕО-ның кемсітілуі және еуропалықтар арасындағы жік», — деп жазды сыртқы істер министрі Андрей Сибига әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол ЕО-ға мүше барлық мемлекетті осы екі тұлғаға ұлттық санкциялар жариялауға шақырды. Латвия мұны істейтінін әлдеқашан мәлімдеді.
Кремль өкілі Дмитрий Песков бұған дейін екі олигархтың тізімнен шығарылуын құптап, ЕО санкцияларын заңсыз деп атаған және барлық ресейліктерді тізімнен алып тастау керек деген.
Усманов — темір, болат және мыс жеткізушілері мен «Мегафон» телекоммуникациялық компаниясын иеленетін USM Holding инвестициялық тобының негізін қалаушы. Ол бұрын Англия Премьер-лигасының «Арсенал» және «Эвертон» клубтарымен байланыста болған.
ЕО 2022 жылы оның активтерін қатырып, оны «Ресей президенті Владимир Путинмен ерекше жақын қарым-қатынастағы кремльшіл олигарх» деп сипаттаған. Усманов бұл шешімді «әділетсіз» деп атады.
Францияның бастамасы Әзірбайжанмен тұтқындарды босату туралы ықтимал келісімге байланысты болғаны хабарланды.


