Францияның солтүстігіндегі Кале қаласының маңында орналасқан Евротоннель тиеу алаңында шағын автобус апатқа ұшырап, 19 адам жарақат алды. Жергілікті префект таратқан мәлімдемеге сәйкес, бес адам ауыр жарақат алғанымен, ешкімнің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Апатқа ұшыраған шағын автобуста тоннель арқылы өтетін шаттл пойызына мінуге бет алған жүк көлігі жүргізушілері болған. Оқиға бейсенбі күні кешке болды. Құтқару қызметтері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

«Евростар» компаниясы бұл оқиғаның өз қызметіне әсер етпейтінін мәлімдеді. Компания таратқан ақпаратта: «Оқиға Ла-Манш тоннелінен бірнеше шақырым жерде болды. Бұл оқиға Лондонға және Лондоннан қатынайтын «Евростар» пойыздарына қатысы жоқ және оларға әсер етпейді. Барлық «Евростар» пойыздары кестеге сай жүреді», — делінген.

Па-де-Кале префектурасының мәлімдемесінде: «Ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерін тасымалдап, LeShuttle пойызына мінуге бет алған шағын автобус бүгін кешке Евротоннель нысанының тиеу алаңында апатқа ұшырады. Евротоннель тарапынан дереу ауқымды күштер жұмылдырылып, кейін олар Па-де-Кале департаменті префектінің қарамағына берілді. Алғашқы мәліметтер бойынша, жүргізушінің өзі қоса алғанда 19 адам зардап шеккен. Бұл кезеңде қаза тапқандар жоқ, ешкімнің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», — деп жазылған.

Жергілікті «La Voix du Nord» басылымы жариялаған суретте алаңда қатты зақымдалған шағын автобус, сондай-ақ оқиға орнында тұрған полиция қызметкерлері мен жарық шағылыстыратын киім киген қызметкерлер бейнеленген.