Грекияның Сифнос аралына қону алдында тікұшақтың құлауынан жас жұбайлар мен ұшқыш қаза тапты. Полиция апатқа механикалық ақау себеп болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Жеке жалдамалы Bell 206 тікұшағы жерге құлап, жарылып өртенген. Құлау алдында оның "біртүрлі дыбыс" шығарғаны хабарланған. Полиция қызметкерінің айтуынша, 30 жастағы Мари Эберт пен 31 жастағы Александр Кроми есімді британдық жұбайлар дүйсенбі күні кешке қаза тапқан. Олар жақында үйленіп, бал айын Сифноста өткізуді жоспарлаған.

Эгей теңізінің әкімшілік орталығы Сирос аралындағы шенеуніктер ұшқышты 53 жастағы Гиоргос Райкос деп анықтады. Ол бұрынғы әскери ұшқыш және "өте тәжірибелі" болған. Дереккөздің айтуынша, тергеу тікұшақтың қозғалтқышындағы ақауға бағытталған. "Бұл — нағыз трагедия", — деді ол.

Сифнос әкімінің орынбасары Манолис Фунтолакис грек телеарнасына берген сұхбатында аймақ тұрғындары тікұшақтың біртүрлі дыбыс шығарғанын, бәлкім әуеде механикалық ақау болғанын және винттің дұрыс жұмыс істемегенін айтқанын жеткізді. Сондай-ақ, тікұшақтың бақылаудан шығып, айнала бастағанын көрсететін бейнебақылау жазбалары зерттелуде.

Грекияның қоғамдық телеарнасы ERT жергілікті тұрғын Антонис Замбелистің сөзін келтірді: "Тікұшақ үйлерден 50 метрдей қашықтықта және Панагия тис Врисис монастырының жанындағы қону алаңынан 50 метр жерде құлады". Апат орнын түтін басып, құтқарушылар үш адамның мәйітін тапқан.

Грекияның инфрақұрылым және көлік министрлігі тергеуді үйлестіріп жатыр. Сифнос әкімі Мария Надали: "Біз таңғалдық және қону алаңының жанындағы оқиғаның салдарын тиісті қызметтермен бірге жоюға тырысып жатырмыз", — деді.

Грекияда жеке тікұшақ жалдау танымал бола түсуде, туристер Ион және Эгей теңіздеріндегі аралдар арасында қатынау үшін оларды жиі жалдайды. Бұрын шалғай саналған Сифнос Афинадан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 195 шақырым жерде орналасқан және оған пароммен бірнеше сағат жетуге болады.