Гвинеяның астанасы Конакридегі ең ірі қоқыс полигонында болған опырылу салдарынан кемінде 22 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің азаматтық қорғау қызметінің алдын ала мәліметіне сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.
Жексенбі күні таңертеңгі сағат 03:00 шамасында басталған қатты жаңбыр Дар-Эс-Салам полигонындағы қоқыс үйіндісін шайып, көршілес лашықтарды басып қалған. Құтқарушылар тірі қалғандарды іздеу жұмыстарын жалғастыруда.
Әскери инженерлік батальонның санитарлық офицері подполковник Бальде Мамаду Байлоның айтуынша, бұл полигон жексенбі күні жабылуы тиіс болған. Аймақ тұрғындарына эвакуация туралы хабарлама берілгенімен, көпшілігі апат кезінде әлі де сол маңайда болған.
Территориялық әкімшілік және децентрализация министрі Дьенабу Туре оқиға орнында: «Қалған отбасыларды басқа жерге көшіруді қамтамасыз етеміз», — деп мәлімдеді.


