Германия, Австрия және Венгрияда Хэллоуин мерекесінде таратылған тәттілердің ішінен ине мен өзге де өткір металл заттар табылды. Бұл оқиға полицияны ата-аналарға балаларына берілген тәттілерді мұқият тексеру туралы ескерту жасауға мәжбүр етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Германияның бірқатар жеріндегі полиция қызметкерлері осындай жағдайларды тіркеді: оңтүстік-шығыстағы Бавариядан бастап солтүстіктегі Төменгі Саксонияға дейін. Гамбургтің батысындағы Бремерфёрде қаласында тоғыз жасар қыз шоколад батончикін жеп жатқанда тілін жарақаттаған. Кейін оның ішінен ұзындығы 5 сантиметрлік түйреуіш табылды.

Сонымен қатар Венгрия полициясы Будапешттің шығысындағы Гёмрё қаласы мен оның маңында Хэллоуин дәстүрі бойынша үй-үйді аралап, тәтті жинаған балаларға берілген кәмпиттерден шеге, бұранда және сымның үзінділері табылғаннан кейін қылмыстық іс қозғады. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, бір жасар қызға шоколад қаптамасының ішінде шегесі бар ирис кәмпит берілген, бірақ ол байқағыштық танытып, уақытында байқап үлгерген және тәттіні жұтып қоймаған.

Австрияда да бірнеше осындай жағдай тіркелді. Елдің ішкі істер министрі Герхард Карнер бұл оқиғаларды «қорқақтық, қаскөйлік және кейбір жағдайларда өмірге қауіп төндіретін әрекет» деп айыптады.