Жапонияның атақты ғалымы, 2000 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Хидэки Сиракава 90 жасында дүниеден озды. Ол өткізгіш полимерлерді ашып, дамытқаны үшін марапатталған еді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Сиракаваның америкалық ғалымдар Алан Хигер мен Алан МакДиармидпен бірге жасаған жаңалығы пластиктің металл сияқты электр тогын өткізе алатынын дәлелдеп, оны электроника саласында қолдануға жол ашты.
Цукуба университетінің мәліметінше, ғалым 24 тамызда қайтыс болған. Университетте ол 1979 жылдан бері қызмет етіп, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Алайда қайтыс болу себебі нақтыланбаған. Жапонияның ірі газеті «Иомиури» Сиракаваның Токиодан батысқа қарай орналасқан Иокогама қаласындағы ауруханада қайтыс болғанын хабарлады.
1936 жылы Токиода туған Сиракава 1966 жылы Токио технологиялық институтында инженерлік ғылымдар бойынша докторлық дәреже алды. Он жылдан кейін ол Пенсильвания университетіне зерттеуші болып орналасып, МакДиармид пен Хигермен бірлесіп жұмыс істеді.
Ғалымдардың пластиктердің өткізгіш еместігі туралы қалыптасқан түсінікке қарсы шыққан зерттеулері арзан әрі жеңіл, икемді өткізгіш материалдарды жасауға мүмкіндік берді. Бұл материалдар күн батареялары мен ұялы телефон экрандарында қолданылады.


