Германияның белгілі саясаткері Хуберт Айвангер Берлиндегі қонақүйден өлі табылды. Полиция бұл туралы хабарлап, тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

55 жастағы Айвангер Бавария жерінің вице-премьері қызметін атқарған. Оның өлім себебі әзірге белгісіз.

Полицияның хабарламасында ол Берлин-Митте ауданындағы қонақүй бөлмесінде өлі күйінде табылғаны айтылған.

Полиция мен прокуратура «өлімнің нақты себебі мен мән-жайын анықтау» үшін тергеу жұмыстарын бастады.

«Тергеудің мақсаты — өлімнің нақты себебі мен онымен байланысты мән-жайларды анықтау, сондай-ақ үшінші тараптың кінәсі болуы мүмкіндігін жоққа шығару», — делінген полиция мен прокуратураның хабарламасында. Олар қосымша мәлімет берген жоқ.

Халықшыл «Еркін сайлаушылар» партиясының жетекшісі әрі Баварияның экономика министрі қызметін де атқарған Айвангер Берлинге өз партиясының кеңсесін ашу рәсіміне қатысу үшін келген, бірақ өзін нашар сезінгендіктен іс-шараға бармаған, деп жазды Bild басылымы.

Басылымның мәліметінше, кейін оның денесін полиция қонақүйден тапқан.

Бавария жерінің премьер-министрі Маркус Зёдер Айвангердің қазасын «нағыз трагедия» деп атады.

«Баршамыз қатты күйзелісте болдық. Қазір бірінші кезекте оның отбасы мен балалары туралы ойлаймыз», — деді ол.

Айвангердің партиясы Зёдер басқаратын Христиан-әлеуметтік одақ (ХСО) жетекшілік ететін Бавария аймақтық үкіметіндегі кіші серіктес болды.

Ол «Еркін сайлаушылар» партиясының Бавариядағы бөлімшесін 2006 жылдан бері басқарған. Оның жетекшілігімен партия 2018 жылы алғаш рет аймақтық үкіметке кірді, бірақ Германияның федералдық парламентіне өту үшін қажетті орын санын ешқашан жинай алмады.

2023 жылы Айвангер бүкіл елде дау-дамайға тап болды: ол 17 жастағы оқушы кезінде антисемиттік үнпарақ жазған, онда Аушвиц «ойын-сауық кварталы» деп сипатталған деген хабарламалар тарады.

Ол үнпарақты өзі жазғанын жоққа шығарды, алайда мектеп сөмкесінде оның «бір немесе бірнеше данасы» болғанын мойындады. Ол осы оқиға үшін кешірім сұрады, бірақ қызметтен кетуден бас тартты.

Германиялық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Айвангердің екі баласы бар, ол өзінің серіктесімен бірге тұрған.

Agence France-Presse және Reuters агенттіктерінің материалдары пайдаланылды.