Индонезия жағалауында кеме апатынан үш күн бойы теңізде қалған бес адам, оның ішінде жеті жасар қыз бала құтқарылды. Қазіргі уақытта кемінде 20 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құтқарылғандар – бір ер адам, үш әйел және қыз бала – сенбі күні кешке Сулавеси жағалауындағы Маталланг аралының маңында балықшылар кемесімен табылып, іздестіру-құтқару кемесіне жеткізілді. Олар «KM Nurul Salsa» кемесінің сәрсенбі күні қозғалтқышы істен шығып, суға батуынан кейін балық аулайтын қақпан мен қалқымалы сынықтарға жабысып, үш күн бойы аман қалған. Кеме бортында 78 жолаушы мен экипаж мүшесі болған.
Жергілікті іздестіру-құтқару қызметінің өкілі Мұхаммед Ариф Анвардың айтуынша, «кеме батқаннан кейін әркім өзінше құралдармен немесе қолдағы қалқымалы заттармен құтқарылған. Олар канистрлер мен тығындарды арқанмен байлап, үстіне шыққан». Құтқарылғандар іздеушілерге 25 адамнан тұратын топтың бір бөлігі екенін, бірақ күшті жел оларды басқалардан ажыратқанын айтқан.
Жергілікті БАҚ хабарлауынша, кеме батқаннан кейінгі күні 47 адам құтқарылған, бір адам суға батып қайтыс болған. Іздестіру жұмыстарына бес ірі кеме, барлау ұшағы және тікұшақ тартылған.
«KM Nurul Salsa» Джампея аралынан Оңтүстік Сулавеси провинциясындағы Селаяр аралындағы Бентенг портына бет алған. Ол порттан 43 теңіз милі (79 км) қашықтықта суға батқан.
Индонезияда жолаушылар кемелері кең тараған көлік түрі, өйткені ел 17 мыңнан астам аралдан тұрады. Алайда қауіпсіздік стандарттарының сақталмауы мен адамдардың шамадан тыс толуы жиі апаттарға әкеледі. Осы айдың басында Индонезияның Бали курортты аралының маңында 65 адамды тасымалдаған паром суға батып, кемінде алты адам қайтыс болып, ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен еді.


