Индонезияның Ява теңізінде байланыстан шығып кеткен жолаушылар паромынан 102 адам құтқарылып, бір адам қаза тапты. Бұл туралы ресми өкіл мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Индонезияның іздеу-құтқару қызметінің хабарлауынша, 243 адамды тасымалдаған «Virgo Transport 8» кемесімен байланыс ауа райы нашарлаған кезде үзілген соң, іздеу-құтқару жұмыстары басталды.

Қалған жолаушыларды іздеу жалғасуда.

Паром Сурабаядан Оңтүстік Калимантандағы Банджармасин қаласына қарай бет алған. Соңғы рет ол жексенбі күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 02:00-де Банджармасиннен оңтүстікке қарай 150 шақырым жерде болғаны хабарланды.

Оқиға орнына іздеу-құтқару кемелері мен тікұшақ жіберілді. Ява теңізінің сол аймағындағы барлық басқа кемелерге жолаушылардың белгілерін хабарлау туралы ескертілді.

Бұл оқиға өткен айда Индонезиядағы Мадура аралының жанында тағы бір паром өртеніп, бес адамның өмірін жалмағаннан кейін болды.

Индонезия архипелагы 17 мыңнан астам аралдан тұрады, сондықтан паромдар — көліктің кең тараған түрі.