24 шілдеде басып алынған Батыс Жағалаудағы Наблус қаласының маңындағы Тал қалашығына исраилдік қоныстанушылар мен әскерлер шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан төрт палестиналық қаза тауып, тағы төртеуі жараланды, оның үшеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, жараланғандардың үшеуінің халі өте ауыр. Исраилдік денсаулық сақтау қызметкерлері өз кезегінде бір исраилдік қоныстанушының қаза тапқанын және тағы бірнеше адамның жараланғанын хабарлады.
Жергілікті және қауіпсіздік көздерінің айтуынша, Тал қалашығына жақын орналасқан заңсыз Хават Гилад елді мекенінің тұрғындары алдымен қалашықтың шығыс бөлігіне шабуыл жасап, екі үйге кіруге тырысқан. Палестиналықтар үйлерін қорғауға шыққанда, оларға оқ атылған.
Тал қалашығынан шыққан Фатх партиясының жергілікті басшысы Иссам Сайфидің Reuters агенттігіне телефон арқылы берген мәліметінше, 25-30 адамнан тұратын исраилдік қоныстанушылар тобы алдымен шығыс ауданға шабуыл жасап, екі үйге кіруге әрекеттенген. Тұрғындар қарсы шыққан кезде қоныстанушылар оқ ашқан. Жарты сағаттан кейін қайтып келген исраилдіктер батыс бөлікке шабуыл жасап, бір баланы қарумен ұрған. Осыдан кейін тәртіпсіздік басталып, Исраил әскері келіп, қоныстанушылармен бірге атқылаған.
Алайда Исраил армиясы Хават Гилад маңында серуендеп жүрген исраилдіктерге шабуыл жасалды деген желеумен әскер жіберілгенін мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, бір палестиналық жергілікті қауіпсіздік қызметкерлерінің қаруын ұрлап, исраилдіктерге оқ атқан.
Исраилдің Маген Давид Адом (МДА) құтқару қызметінің дерегінше, бір исраилдік қаза тауып, екі жаралы тікұшақпен эвакуацияланған.
Наблустан хабарлаған Әл-Жазира тілшісі Нида Ибрахимнің айтуынша, исраилдік қоныстанушылар серуендеймін деген желеумен Тал қалашығына басып кірген. Ол қоныстанушылардың қарулы екенін және палестиналықтарды арандатып, жерлерін тартып алатынын атап өтті. Кейде олардың трейлермен келіп, уақытша шатырлар тігіп, кейін заңсыз елді мекендерге айналдыратынын да тілші жеткізді.
Оқиғадан кейін Исраил әскері Наблус пен Талдың айналасына қауіпсіздік шебін орнатты. Ибрахимнің айтуынша, мұндай жағдайларда Исраил армиясы әдетте қаланы қоршауға алып, жаралы палестиналықтардың медициналық көмек алуына кедергі келтіреді. Қазір Талға апаратын барлық бекеттер жабылған.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, биылғы жылы Батыс Жағалауда Исраил тарапынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 86-ға жеткен, оның 21-ін қоныстанушылар атқан.
Палестина Сыртқы істер министрлігі бұл қырғынды қатаң түрде айыптап, оны жалғасып жатқан Накбаның жаңа көрінісі деп атады. Министрлік басып алушы билік пен қоныстанушылардың үйлесімді қылмыстарын, сондай-ақ бұл қылмыстардың әдейі ушықтырылғанын айыптады.
Исраил премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Тал маңында бір исраилдіктің өлтірілуіне байланысты қатаң шара қолдануға уәде беріп, жедел жиын өткізетінін мәлімдеді. Исраилдің оңшыл қаржы министрі Бецалел Смотрич болса, әскерді палестиналық қалашыққа қатысты «темір жұдырықпен» әрекет етуге шақырды. Смотрич X әлеуметтік желісіндегі жазбасында «шаруашылықтар мен қаһарман қоныстанушылар Исраил мемлекетінің қорғаныс қабырғасы» екенін атап, оларды нығайтып, құрметтеуді жалғастыратынын айтты.


