Италияның Доломит тауларындағы шағын баспанаға жүздеген адам панорамалық көрініс үшін емес, кілегейлі тоқаш үшін ағылды. Бұл оқиға әлеуметтік желіге байланысты туризмнің кері әсері туралы пікірталасты қайта өршітті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Теңіз деңгейінен 2300 метр биіктікте, Валь-ди-Фассадағы Кол-Роделла мен Пассо-Селла аралығында орналасқан Фридрих Август баспанасына келушілер таңғы сағаттарда оянып, тіпті түнеп, жаңа піскен крапфен — пончикке ұқсас дәстүрлі неміс тоқашы — сатылып бітпей тұрып алуға тырысты. Тағам блогерлері Доломит тауларының фонында крапфенді жарнамалаған видеоларымен адамдарды тартты. Әр тоқаштың бағасы 4 еуроға дейін жетеді.
Кезектің өзі келушілерді тоқтатпай, керісінше, тағы да көп адамды тартты. Себебі кезектегі көріністер әлеуметтік желіде кең тарады. Бір келуші Rai News-ке: «Біз тек осы үшін келдік», — десе, тағы бірі Instagram-дағы крапфен туралы жазбаға, оған қоса «көктегі музыка» қосылған видеога қызығып келгенін айтты.
Баспанадағы атын атамауды өтінген қызметкердің айтуынша, олар 30 жыл бойы бұл тоқашты еш қиындықсыз пісіріп келеді, ал блогерлер «хаостық» жағдай тудырды. «Бізге бұл ұнамайды», — деді ол.
Италияның таулы қалаларының қауымдастықтары да бұған қарсы. Мәселе крапфенде емес, тау ортасын бұзатын алгоритмдерде, дейді олар. Тау қауымдастықтарының ұлттық одағы Uncem президенті Марко Буссоне: «Таулар — ойын алаңы емес», — деп мәлімдеді.
Италия альпі клубының Венето бөлімшесінің президенті Франческо Абрускато Vita.it-ке берген сұхбатында суретке түсуге негізделген туризм таудың шынайы рухын жоғалтып жатқанын айтты. «Негізгі мәселе — тауды білмейтін және құрметтемейтін адамдардың келуі. 5-6 жыл бұрын Доломитте нақты нүктелерде немесе белгілі бір уақытта шамадан тыс туризм болмайтын. Қазір ондаған адам селфи түсіріп, тек сол үшін келетін жерлер пайда болды», — деді ол.
Осыған ұқсас жағдай 2025 жылдың қаңтарында Абруццодағы Роккаразо қаласында да болды. TikTok жұлдызы өзінің шаңғы трассаларындағы видеоларын жарнамалағаннан кейін, күндізгі туристер лавинадай ағылды.


