Жапонияның бәсекелестік жөніндегі реттеушісі ірі сыра өндіруші компаниялардың кеңселеріне тінту жүргізді. Олар бағаны бірлесіп көтеру туралы келісім жасады деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Asahi мен Kirin өз ғимараттарын Жапонияның әділ сауда жөніндегі комиссиясы тексергенін растап, мемлекеттік органмен толық ынтымақтасатынын мәлімдеді. Бұған қоса Sapporo Breweries мен Suntory Spirits компанияларының да кеңселеріне тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады. Екі компанияға да пікір сұрап хабарласқан.
Тергеу туралы хабар тараған сәрсенбіде Asahi, Kirin және Sapporo компанияларының акция бағамы төмендеді. Suntory компаниясының акциялары биржада саудаланбайды.
Japan Times басылымының мәліметінше, тергеу өткен жылдың сәуірінде және 2022 жылдың қазанында компаниялардың бағаны көтеруіне қатысты. Төрт компания да бағаны көтеретінін жариялап, себебі ретінде шикізат құнының өсуін, сондай-ақ энергия мен көлік шығындары сияқты басқа да факторларды көрсеткен.
Kirin Holdings өзінің еншілес кәсіпорны Kirin Brewery Company-нің «Монополияға қарсы заңды бұзды деген күдікпен» тексерілгенін хабарлады. Компания бұл мәселеге «өте байыпты» қарайтынын, Жапонияның әділ сауда жөніндегі комиссиясының тергеуімен және кез келген ынтымақтастық сұранысымен «толық ынтымақтасатынын» жеткізді.
Kirin Holdings: «Қазіргі уақытта бұл мәселенің компанияның қаржылық нәтижелеріне әсері анықталған жоқ. Компания маңызды өзгерістер туындаған жағдайда дереу жариялайтын болады», — деп мәлімдеді.
Asahi Breweries өзінің «Жеке монополияға тыйым салу және әділ сауданы қолдау туралы заңды бұзды деген күдікке байланысты Жапонияның әділ сауда жөніндегі комиссиясының тергеуіне ілінгенін» айтты. Компания сондай-ақ «комиссиямен толық ынтымақтасатынын» қосты.
Жапонияның әділ сауда жөніндегі комиссиясына пікір сұрап хабарласқан.


