Калифорния жағалауындағы елді мекендер ескерту режиміне көшті: мұхит бетінде соңғы 30 жылда тіркелмеген биіктіктегі толқындар пайда болды. Бірінен соң бірі жалғасқан төмен қысым аймақтары қуатты толқындар мен жағалауға соғатын ірі толқындар туғызды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өткен демалыс күндері жағажайлар мен айлақтар жабылды — алып толқындар Калифорния жағалауына соқты. АҚШ мұхит және атмосфераны зерттеу басқармасының теңіздегі қалтқылары өткен жұмада толқын биіктігі 30 футтан (9 метр) асқанын тіркеді. Монтерей қаласының маңындағы қалтқы 34,1 фут көрсетті — бұл 30 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Жағалауға арналған ескертулер өткен демалыстан осы аптаға дейін ұзартылып, жұма күні түнге дейін күшінде қалды. Толқын биіктігі 10–18 фут, ал Сан-Луис-Обиспо округінің жағажайлары мен Санта-Барбара округінің орталық жағалауында жекелеген толқындар 18–22 футқа жетуі мүмкін.

Тынық мұхиттағы бұл дауыл жүйелері АҚШ-тың батысында да ауа райын тұрақсыз етіп отыр: алдағы күндері қатты жаңбыр, тауда қар және күшті жел күтіледі. Сәрсенбіде Сан-Францискода рекордтық жауын-шашын тіркелді, ал Сакраменто қаласында нөсер 32 мың тұтынушыны электр жарығынан айырды.

Осы демалыс күндері тағы бір төмен қысым аймағы Орегонның оңтүстігі мен Калифорнияның солтүстігіне мол ылғал әкеледі. Жексенбі түніне қарай кейбір жерлерде 100 мм-ден (4 дюйм) астам жауын-шашын жауады, ал Солтүстік Сьерра-Невада тауларындағы Доннер асуы сияқты аймақтарда қар жауады.

Үндістанның шығысындағы Одиша штатында «Акван» тропикалық циклопы жағалауға жақындап келе жатқандықтан, 72 мыңға жуық адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. «Акван» жұма күні Нарсапур мен Пури аралығында жағалауға жетуі күтілуде. Осыған байланысты Үндістан метеорология департаменті Андхра-Прадештің солтүстігі, Янам және Одишаның оңтүстік жағалауы үшін циклон туралы ескерту жариялады. Желдің екпіні сағатына 70 мильге жетуі мүмкін, ал жұма мен сенбіде Андхра-Прадештің солтүстік жағалауы мен Одишада жауын-шашын мөлшері 200 мм-ден асуы ықтимал.

Оңтүстік Африканың ауа райы қызметі сейсенбіде екінші деңгейдегі сары қауіпті найзағай ескертуін жариялағаннан кейін Йоханнесбургтің бірқатар ауданында нөсер жаңбыр мен ірі бұршақ жауғаны хабарланды. Дауыл Сoweto тұрғын ауданында су тасқынын туғызып, инфрақұрылымға зақым келтірді. Ауыр дауылдан бір адам қаза тапты, тағы бір адам із-түзсіз жоғалды.