Кипр аймағындағы паром апатынан кейін тағы екі адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Солтүстік Кипр премьер-министрі Юнал Юстел мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Апат салдарынан қаза тапқандар саны 12-ге жетті, тағы 16 адам іздестірілуде. Юстелдің айтуынша, табылған мәйіттер екі әйелге тиесілі. Бұған дейін бір ер адам мен бір әйелдің мәйіті табылған болатын.
Filo Jet паромы жексенбі күні түстен кейін Солтүстік Кипрдегі Гирне портынан Түркияның Тасуджу қаласына бет алған кезде аударылып, суға батқан еді. Бортта 267 жолаушы мен экипаж мүшелері болған.
Іздестіру жұмыстарына Түркияның екі әскери-теңіз кемесі қосылды. Олар су астындағы аппараттардың көмегімен теңіз түбіндегі 550 метр тереңдікте жатқан паром қалдықтарын зерттеп жатыр.
Юстел журналистерге берген сұхбатында: "Біздің 16 адамды іздеу операцияларымыз Түркия Республикасының қолдауымен және барлық тиісті бөлімшелердің қатысуымен тәулік бойы үздіксіз жалғасуда. Олар бұл жұмыстарды өте ауыр жағдайда атқарып жатыр", - деді.
Іздестіру жұмыстары Кипрдің солтүстік жағалауынан шамамен 7,5 шақырым қашықтықта жүргізілуде.
Аман қалғандардың айтуынша, кең корпусты катамаран төменгі палубалардан қатты дыбыстар естілгеннен кейін тізіліп, су қабылдай бастаған. Бұл борттағылар арасында дүрбелең тудырған. Су кіре бастағанда жолаушылар отырған аймақта адамдар қамалып қалған.
Паром иесі Filo Denizcilik компаниясының сегіз экипаж мүшесі мен бір директоры қамауға алынды. Тағы бес адам, оның ішінде Filo Denizcilik қызметкерлері мен порт әкімшілігінің өкілдері тергеуге тартылды.
Еске салайық, Кипр 1974 жылы этникалық негізде бөлінген еді. 1983 жылы Солтүстік Кипр тәуелсіздігін жариялады. Алайда аралдың солтүстігін тек Түркия ғана мойындайды, онда 35 мыңнан астам түрік әскері орналасқан.


