Франция жағындағы Ла-Манш тоннелінде тоқтап тұрған пойызға шағын автобус соғылып, 19 адам жарақат алды. Оқиға тоннельге кіреберістегі тиеу алаңында болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жергілікті биліктің өкілі Кюридің айтуынша, апат кезінде алаңның екі жағында екі пойыз тұрған. Біреуіне ауыр жүк көліктері тиеліп жатса, бұған дейін тиелген екінші пойыз жолға шығуға дайындалыпты.
«Әзірге белгісіз себеппен шағын автобус жолға шығып бара жатқан пойызға соғылды. Автобус аударылған жоқ, тік тұр — бірақ соққы мен соқтығысу салдарынан адамдар жарақат алды», — деді ол.
Оқиғаға «Ле Шаттл» пойызына мінуге дайындалып жатқан жұмысшыларды тасымалдаған шағын автобус тартылған. Оның айтуынша, жолаушылардың барлығы — түрлі ұлт өкілдерінен шыққан ер адамдар.
Жарақат алғандар арасында Ұлыбритания азаматтары бар-жоғы әзірге белгісіз.
Кюридің сөзінше, «Еуротоннель» тиеу алаңында мұндай оқиға «алғаш рет» болып отыр.
Апат кезінде «Еуротоннель» арқылы Калеге бара жатқан Би-би-си тілшісі Эван Дэвис Францияға кірген сәтте көк шамды көліктердің «алаңдардың біріне шоғырланғанын» көрген.
«Мен жаңа ғана өтіп бара жатқанда тіркеу пунктінде көптеген көлік кезекте тұрған, кейбіреуі тіркеуден өтіп жатқанын көрдім. Сондықтан соқтығысуға қарамастан оларды ұстап қалмаған», — деді ол оқиға орнынан.
Жергілікті француз газеті La Voix du Nord жариялаған суреттерде алды мен бүйірі зақымданған шағын автобус пойыздың қасында, құтқарушылар тобының ортасында тұрғаны көрінген.
«Еуростар» компаниясы жаңартылған ақпарат таратты: «Оқиға Ла-Манш тоннелінен бірнеше шақырым жерде болды. Бұл оқиға Лондонға қатынайтын және Лондоннан шығатын «Еуростар» пойыздарына қатысы жоқ, оларға әсер етпейді. Барлық «Еуростар» пойыздары кестеге сай жүреді».


