Америкалық әнші Майли Сайрус өзінің төрт жылдық серігі, барабаншы Макс Морандога Калифорния штатының Палм-Спрингс қаласында өткен салтанатта тұрмысқа шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Flowers» әнінің орындаушысы Instagram парақшасында жариялаған қара-ақ түсті фотолар топтамасында жас жұбайлар ақ раушан гүлдерінің ортасында бір-бірін сүйіп тұрған сәттері бейнеленген. Кадрлардың бірінде артқы фонда әншінің анасы Триша Сайрус пен қарындасы Ноа Сайрус көрінеді. Әкесі Билли Рэй Сайрус суретке түспегенімен, рәсімге өзінің серігі, актриса Лиз Херлимен бірге қатысқан.

«Грэмми» жүлдесінің иегері, 33 жастағы Сайрус Saint Laurent үйінің дизайнері Энтони Ваккарелло жасаған ақ түсті жібек көйлек киген, ал 28 жастағы барабаншы Морандо сол сән үйінің қара костюмінде «иә» деп жауап берген.

Әнші Instagram-да жариялаған суреттер топтамасының алғашқы кадрында жаңа тұрмыс құрған жұп алтын түсті ретривер итінің қасында позаға тұрған. Жазбаға «M+M» деген жазу, ақ жүрек белгісі және салтанат күні — 21 қараша деп көрсетілген.

Пікірлер бөлімінде жұпты Майлидің әпкесі Брэнди Сайрус, әнші Doechii және сән дизайнері Донателла Версаче құттықтаған.

Ақпаратқа сәйкес, рәсім бұрын «Fly Me To The Moon» әнінің орындаушысы Фрэнк Синатраға тиесілі болған курортта өткен. Қонақтар толығымен қара түсті киім үлгісін ұстанған.

Америкалық әнші 28 жастағы барабаншымен атастырылғанын былтыр «Good Morning America» атты америкалық телебағдарламаға берген сұхбатында растаған болатын. Оның айтуынша, Морандо Азияға сапар кезінде тізе бүгіп, ұсыныс жасаған.

«Мені таң қалдыру қиын, өйткені кез келген жағдайды бақылауда ұстағанды ұнатамын. Бірақ бұл жолы толықтай берілдім, айтайын, мен шынымен де қатты таң қалдым», — деген ол.

Wonderland басылымына берген сұхбатында Морандо ұсыныс жоспарын құпияда ұстау үшін «өте айлакер болуға тура келгенін» айтқан. «Алдымен Токиоға бірнеше күнге бардық, содан кейін Киотоға өттік. Ол бұл туралы біліп қалған болуы мүмкін деп ойладым, сондықтан соңғы күннің соңғы сәтіне дейін күтіп, оны мүмкіндігінше жаңылдыруға тырыстым», — деп еске алған ол.

33 жастағы Сайрус бұған дейін австралиялық актер Лиам Хемсвортпен некеде болған, алайда жұп 2019 жылы ажырасқан. «Party in the U.S.A» және «Wrecking Ball» сияқты хиттердің орындаушысы «Голодные игры» фильмінің жұлдызы Хемсвортқа 2018 жылы тұрмысқа шыққан, оған дейін екеуі он жыл бойы қарым-қатынаста болған.

2023 жылы британдық Vogue басылымына берген сұхбатында Сайрус 28 жастағы Морандомен «соқыр кездесуге» барып танысқанын айтқан.

Морандо — Лос-Анджелестегі Liily тобының барабаншысы. Топ 2022 жылы Сайрус жүргізген NBC телеарнасының «Miley's New Year's Eve Party» бағдарламасына қатысқан, сол кезде әншінің марқұм кіндік шешесі Долли Партон мен Дэвид Бирн сияқты музыканттар да өнер көрсеткен.