Қазақстан Парламенті Сенатының экс-төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Саясаткер мемлекеттік қызметші әлеуеті сұранысқа ие жерде жұмыс істеуі керек екенін атап өтті. «Біз мемлекеттік қызметте жүріп, әлеуетіміз қажет болатын бағытта жұмыс істеуіміз керек. "Мен ана жаққа барамын, мына жаққа барамын" деген болмайды. Бұл дұрыс емес ұстаным. Біз мұны жастарға да түсіндіруіміз керек», — деді Әшімбаев.

Ол сондай-ақ: «Құрылтайға, Халық кеңесіне жаңа адамдар келеді деп сенемін. Барлық өзгерістер жақсылыққа апарсын. Өмір бойы депутат болу шарты жоқ. Жалпы мемлекеттік қызмет – уақытша дүние. Мемлекеттік қызметке келу және одан дұрыс кету бар. Кейде келуден гөрі кету маңыздырақ», — деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың соңғы отырысынан кейінгі брифингте.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы жүктеген кез келген міндетті орындауға және ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етуге дайын екенін мәлімдеді. «Қандай лауазымда болсам да, Мемлекет басшысы қойған мақсаттарға жету жолындағы жұмысты жалғастырамын. Әділетті Қазақстанды құруға, елдегі реформалық күн тәртібін жүзеге асыруға өз үлесімді қосамын. Қазақстанның тұрақты және теңгерімді дамуына, еліміздің табысты, гүлденген, келешегі зор, әлеуметтік-демократиялық мемлекетке айналуына жәрдемдесу үшін бар күшімді саламын», — деп түйіндеді ол.