Маврикий билігі арал тарихындағы ең ауқымды тәртіпсіздіктерді басу үшін түнгі коменданттық сағат енгізді. Су тапшылығы мен тұрмыс қымбаттығына наразылық білдірген бейбіт шерулер жұма күні полиция бекетінде әйелдің оққа ұшуынан кейін зорлық-зомбылыққа ұласты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Атыс оқиғасының мән-жайы әзірге белгісіз. Алайда оқ атқан полицей қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалды.
Премьер-министр Навин Рамгулам сейсенбі күні коменданттық сағат туралы бұйрыққа қол қойып, «ел мүддесіне қарсы әрекет етушілерге» қарсы ескерту жасады. Маврикий — туризм мен қаржы қызметтерінің ірі орталығы.
«Бұл әрекеттерді жасағандар өздерінің отанға жат қылықтары үшін өте ауыр жазаға тартылады», — деді ол халыққа арнаған үндеуінде.
Демалыс күндері тәртіпсіздік күшейген сайын наразылар шиналарды өртеп, жолдарды бөгеп тастады, полиция бөлімшелері мен өзге де мемлекеттік инфрақұрылым нысандары тоналды.
Тәртіпсіздік салдарынан мектептер мен қоғамдық көлік жұмысы тоқтап, шетел елшіліктері өз азаматтарына сақ болуға шақырған ескертулер таратты.
Коменданттық сағатқа қарамастан, полиция түнде бірнеше оқиға тіркеліп, кейбір адамдар ұсталғанын мәлімдеді.
Алайда сәрсенбі таңға қарай аралдың барлық жерінде көлік қозғалысы қалпына келгенін жеткізіп, тұрғындарды күнделікті тіршілікке оралуға шақырды.
Оңтүстік Африкада орналасқан Signal Risk компаниясының сарапшысы Зоэ Маккэтидің айтуынша, су тапшылығына қатысты наразылық алғаш басталғанда үкімет үй шаруашылықтарын сумен қамтуды көбейтіп, жедел әрекет еткен.
Ол Би-би-сидің Newsday бағдарламасына берген сұхбатында оқиғаның ушығуы елдің қауіпсіздік жағдайы үшін «сирек кездесетін жағдай» туғызып, үкімет мектептерді жабуға және коменданттық сағат енгізуге мәжбүр болғанын айтты.
«Мұндай ауқымдағы наразылықтар 1999 жылдан бері байқалмаған. Сондықтан үкіметтің бұл жағдайдағы әрекеті қисынды әрі қажет», — деді ол.
Сарапшының пікірінше, үкімет «тәртіпсіздіктің ең ауыр тұстарын тежеп үлгергенімен», су тапшылығы желтоқсандағы жаңбыр маусымына дейін сақталатындықтан, кейбір аймақтарда наразылықтың қайта басталу ықтималдығы бар.
Министрлер кабинеті жағдайды қайта бағалап, келесі қадамдарды айқындау үшін сәрсенбі күні түстен кейін жиналады.


