Алматыдағы Наурызбай аудандық соты «Нұр-Мұқасан» тобының мүшесі Азамат Есеркеновке қатысты үкім шығарды. Ол Мұқасан Шахзадаевтың үйінде әнші Ғалымжан Сүлейменді ұрып-соққан. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
14 шілдеде ашық сот отырысы өтті. Оған хатшы Ж. Дәулетқұл, мемлекеттік айыптаушы прокурор Б. Жүніс, жәбірленушінің адвокаты А. Жанысов және сотталушының қорғаушысы С. Усупжанов қатысты. Отырыс барысында іс материалдары толық қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 20 қарашада түске таман Алматы қаласының Қалқаман-2 шағын ауданындағы Саурық батыр көшесінде орналасқан Мұқасан Шахзадаевтың үйінде болған. Сол күні үй иесі мен жәбірленуші Ғалымжан Сүлеймен арақ-шарап ішкен. Сағат 13:00 шамасында оларға әншінің әкімшісі Азамат Есеркенов және тағы бір танысы Б. Қойсоймасов қосылған.
Мастықтан Ғалымжан Сүлеймен қатысушыларды боқтап, олардың намысына тиген. Содан кейін үй иесі оған кетуді ұсынған. Азамат Есеркенов жәбірленушіні ауладан итеріп шығарған, бірақ ол қақпаны ұрып, айқайлап, балағаттай берген. Жәбірленуші қақпаны қайта ашқан кезде, Азамат Есеркенов оның беті мен басына бірнеше рет соққы салған.
Сот Азамат Есеркеновты Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) кінәлі деп тауып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Үкім бойынша, кінәлі бір ай ішінде мемлекеттік бюджетке 86 500 теңге төлеуге және жәбірленушілерге өтемақы қорына қосымша 19 660 теңге аударуға міндетті.


