Непалдың орталық бөлігіндегі тау лагерінде болған қар көшкіні кемінде 15 экспедиция қызметкерінің өмірін қиды, ал құтқарушылар марқұмдардың денесін таудан алып шығу жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жексенбі күні таңертең биіктігі 7 126 метрлік (23 345 фут) Химлунг шыңының базалық лагерін шарпыған көшкін соңғы жылдардағы ең ауыр тау апаттарының біріне айналды. Бейсенбіде құтқарушылар көшкін болған аймақтан тағы сегіз адамның денесін тапты.

Қытай шекарасына жақын орналасқан тауда непалдық жұмысшылар кейінгі экспедициялар үшін шатыр тігіп, арқан тартып жатқан.

Непал ұлттық тау гидтері қауымдастығының президенті Тул Сингх Гурунгтың айтуынша, құтқарушылар осы уақытқа дейін апат орнынан 15 адамның денесін алып шыққан.

«Бүгін табылған денелер тікұшақпен Катмандуға жеткізіледі деп күтілуде», — деді Гурунг Reuters агенттігіне.

Оның сөзінше, із-түзсіз жоғалған бір жұмысшыны табу мүмкіндігі аз, сондықтан құтқару операциясы аяқталуға жақын. Көшкін болған кезде шетелдік альпинистер апат орнына жетпеген еді.

Тәжірибелі гидтер кірген он бір адамнан тұратын құтқару тобы апат орнында базалық лагерьдегі шатырларды көмген төрт метрден (14 фут) астам қарды аршып жатыр.

Жексенбіде екі тау гидінің денесі табылса, дүйсенбіде екі асхана қызметкерінің денесі алынды, сейсенбіде тағы үш адамның денесі шығарылды.

Непалда соңғы жылдардағы ең ауыр альпинизм апаттары 2014 жылы Эверестте 16 адамның өмірін қиған қар көшкіні кезінде және 2015 жылы тағы да Эверестте 18 адамды құрбан еткен жер сілкінісі кезінде болған.

Билік органдары 26 тамызда тау мұздығының опырылуынан туындаған жойқын су тасқынынан қаза тапқандардың денесін әлі іздестіріп жатыр. Сол апаттан 1 400-ден астам адам қаза тауып, 5 000-нан астам адам із-түзсіз жоғалған.

Ұлттық апаттар агенттігінің мәліметінше, бейсенбіден бері жауған қатты жаңбыр тағы да су тасқыны мен көшкіндерді тудырып, кемінде 21 адамның өмірін қиды.

Әлемдегі ең биік 14 шыңның сегізі орналасқан Непалдың экономикасы альпинизм мен треккинг туризміне қатты тәуелді.

Жексенбідегі көшкін болған Химлунг — 7 000 метрлік шыңдарды бағындыруды бастағысы келетін альпинистер үшін танымал бағыт.