Нигерия үкіметі азаматтарын, әсіресе денсаулығында асқынуы бар адамдарды, биіктігіне байланысты Эфиопияның басты әуежайы арқылы сапар шегуден сақтандырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Абуджадағы Сыртқы істер министрлігі биыл денсаулығында жасырын ауруы бар 16 нигериялық Аддис-Абеба арқылы транзит кезінде қайтыс болғанын мәлімдеді.
Қала теңіз деңгейінен 2 334 метр биіктікте орналасқан, сондықтан әлемдегі ең биік астаналардың бірі саналады. Боле халықаралық әуежайы Африка, Таяу Шығыс және Азия арасындағы сапарлардың ірі торабы болып, жылына миллиондаған жолаушыға қызмет көрсетеді.
Нигерия жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдардың тәуекелі жоғары екенін атап өтті. Нигерияның Сыртқы істер министрлігі қайтыс болған жолаушылардың кім екенін де, өлім себебін де жариялаған жоқ.
Министрлік биіктікке байланысты асқынатын денсаулық мәселесі бар адамдарды Аддис-Абеба арқылы сапар жоспарлағанда «сақ болуға» және жолға шығар алдында «тиісті медициналық кеңес алуға» шақырды.
Ведомство нигериялықтарды Эфиопия астанасы арқылы сапар шегуден бас тартуға үгіттеуді мақсат етпейтінін айтты.
Сарапшылардың пікірінше, биік таулы аймаққа бару жүрек пен өкпе ауруы бар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін, өйткені ауа сирегірек, қанға оттегі азырақ түседі.
Бұл жүректің дене мүшелеріне жеткілікті оттегі жеткізу үшін көбірек жұмыс істеуіне әкеледі, кейде бұл бұрыннан бар ауруы бар адамдарда жүрек жеткіліксіздігіне ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Америкалық жүрек қауымдастығы.
Биіктікте оттегінің жетіспеуі дені сау адамдарда бас айналу, шаршау және ентігу сияқты жағымсыз әсерлер тудыруы мүмкін, ал зерттеулер көрсеткендей, бұл өкпе ауруы бар адамдар үшін асқынуға әкелуі ықтимал.


