Нирмал Пуржа бастаған халықаралық альпинистер тобы Пакистандағы Броуд-Пикте болған көшкіннен кейін хабар-ошарсыз кетті деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Британ армиясының бұрынғы теңіз жаяу әскері, непалдық Нирмал Пуржа жетекшілік ететін он адамнан тұратын топ Қарақорам жотасындағы биіктігі 8047 метр болатын осы шыңды бағындыру кезінде көшкінге ұшыраған. Пакистан альпішілер қауымдастығының мәліметінше, көшкін бейсенбі күні түс кезінде болған. Содан бері топпен байланыс орнатылмаған.
Альпинистер құрамында бір америкалық, бір қытайлық, бір омандық және бес непалдық бар екені хабарланды. Экспедиция жетекшісі Пуржа 2019 жылы әлемнің 8000 метрден асатын 14 шыңының барлығын алты айдан сәл астам уақытта бағындырып, танымал болған.
Пакистан альпі клубының вице-президенті Кәррәр Хайдридің Би-би-сиге айтуынша, құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жұма күні таңертең Пакистан уақыты бойынша тікұшақ жіберу жоспарлануда, бірақ бұл ауа райы жағдайына байланысты болады.
Броуд-Пик әлемдегі ең биік 12-ші шың саналады және экспедициялар үшін ең қиын шыңдардың бірі ретінде белгілі. Пакистан альпі клубы бөлек мәлімдемеде билікпен үнемі байланыста екенін және барлық қолжетімді ресурстарды мобилизациялауға күш салып жатқанын жеткізді. Клуб альпинистердің амандығы мен сәтті құтқарылуы үшін дұға етіп, олардың отбасылары мен халықаралық альпі қауымдастығымен бірге екенін білдірді.
Пуржа 2003 жылы Британ армиясына қосылып, 2009 жылы теңіз жаяу әскері атанған. Оның альпинизмдегі мансабы 2012 жылы Эверест базовый лагеріне жаяу барған кезде басталып, жоспар бойынша қайтудың орнына, ол тұтас шыңды бағындыруды ұйғарған.


