Ресейдің тәуелсіз «Новая газета» басылымы өз жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Редакция бұл шешімді билік тарапынан көрсетілген қысыммен байланыстырады: жақында бас редактордың үйі тінтуге алынса, жыл басында басылымның бір журналисі ұсталған болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Новая газета» өмір сүруін тоқтатады», — деді бас редактор Сергей Соколов жұма күні YouTube-те жарияланған бейнежазбада. «Ресей билігі — Ресейдің арнайы қызметтері — редакцияны жұмысын тоқтатуға мәжбүрледі».

Украинаға әскер жібергеннен кейін Ресейде кеңестік дәуірге тән цензура деңгейі қайта орнады. Бұл тәуелсіз журналистердің басым көпшілігін шетелге кетуге мәжбүрледі. Ресейдегі тәуелсіз журналистиканың тірегі саналған «Новая газета» Мәскеу тарапынан «шетел агенті» деп танылды. Бұл белгі оппозициялық пікірді бәсеңдету үшін қолданылады.

«Новая газетаны өлтірді… 9 қарашада біз 30 жыл бойы өмір сүрген үйіміздегі шамды сөндіреміз. Серверлерді өшіріп, кетеміз», — деді Соколов.

Осы айда Соколов жауап алуға шақыртылып, Ресей билігі оның әріптесі Олег Ролдугинге қатысты қылмыстық іс аясында оның үйін тінтуге барды. Ролдугин сәуірде ұсталған еді.

Ол «компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізді» деп айыпталып ұсталды, айыптың нақты мән-жайы жарияланбады. Мемлекеттік РИА ақпарат агенттігінің мәліметінше, ол өз кінәсін мойындамады.

«Новая газетаның» дерегінше, Ролдугин үй қамауында сотты күтіп отыр, қамау мерзімі 10 қарашаға дейін ұзартылған.

Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға шабуыл жасағаннан бері тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы қысымды күшейтті. «Новая газета» соғыс басталған соң Ресей ішіндегі өндірісін қысқартты. Сол жылы билік оның медиа лицензиясын қайтарып алды.

Басылымның сол кездегі бас редакторы Дмитрий Муратов 2021 жылы газетті басқару кезіндегі «сөз бостандығын қорғау жолындағы күш-жігері» үшін Нобель бейбітшілік сыйлығын бірге иеленген болатын.