Перудің оңтүстігіндегі Анд тауларында 6,7 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы АҚШ Геологиялық қызметі хабарлады. Алғашқы мәліметтер бойынша, зардап шеккендер мен қираған ғимараттар жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 13:00-де (Гринвич бойынша 18:00) болған. Ошағы Аякучо аймағының Паринакочас провинциясындағы Упауачо қаласынан солтүстік-батысқа қарай 38 шақырым жерде, тереңдігі 66 шақырымда орналасқан. Дүмпу Перудің бірнеше оңтүстік аймақтарында, соның ішінде Ика мен Арекипада сезілген.
Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Луис Васкес RPP радиосына берген сұхбатында «әзірге ешқандай залал туралы хабарланған жоқ» деді. Паринакочас провинциясының әкімі Йони Рейес те провинция орталығында залал жоқтығын растады. Перу Әскери-теңіз күштері цунами қаупі жоқтығын мәлімдеді.
Перу — Тынық мұхитының «отты белдеуінде» орналасқан, сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақ. 2007 жылы Ика аймағында болған 7,9 балдық жер сілкінісі салдарынан 600-ге жуық адам қаза тапқан еді.


