Перуда болған екі жер сілкінісінен кемінде алты адам қаза тауып, жиырма бір адам жарақат алды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Сенбі күні кешке Перу Ұлттық сейсмологиялық орталығының X әлеуметтік желісіндегі мәліметінше, Чупака провинциясында (Хунин аймағы) магнитудасы 5,1 және 3,7 болатын екі дүмпу тіркелген. Бұл аймақ астана Лимадан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан.
Орталықтың хабарлауынша, бірінші жер сілкінісі 24 шақырым, екіншісі 18 шақырым тереңдікте болған.
Бұған дейін Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы бірінші дүмпудің магнитудасын 5,6 деп көрсеткен еді.
Перу Ұлттық азаматтық қорғаныс институтының басшысы Луис Васкес Exitosa деген жергілікті радиостанцияға берген сұхбатында алдын ала мәліметтер бойынша 48 үйдің қирағанын, тағы 18 үйдің зақымданғанын хабарлады. Зардап шеккен 300-ге жуық адамға шатырлар берілуде.
Чупакадағы зардап шеккен елді мекендердегі үйлер, негізінен, саман кірпіштерден соғылған қарапайым құрылыстар екені айтылады.
Васкес жедел жәрдем топтары мен өрт сөндірушілер жексенбі күні таңертең зардап шеккен аймақтарға жетіп, қоқыстарды тазалау жұмыстарын бастағанын, қосымша құрбандардың болуы мүмкін екенін жеткізді.
Перу Тынық мұхитының отты шеңбері бойында орналасқан. Бұл аймақ әлемдегі сейсмикалық белсенділіктің шамамен 85 пайызын құрайды.


