Филиппиннің оңтүстігіндегі орта мектепте болған атыс салдарынан кемінде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Оқиға жұма күні түстен кейін Минаданао аралындағы Оңтүстік Котабато провинциясындағы Банга ұлттық орта мектебінде болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Атысқан адамның және құрбандардың кім екені әзірге анықталған жоқ. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми тұлғалар қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны туралы әртүрлі деректер келтіріп отыр.
Филиппин Білім министрлігі таратқан мәлімдемеде оқиғаға «қатты алаңдаушылық» білдірілген. «Біздің бірінші кезектегі міндетіміз — оқушылардың, мұғалімдердің және мектеп қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен әл-ауқаты», — делінген мәлімдемеде. Ведомство құзырлы органдармен бірлесіп оқиғаны тексеріп, қажетті қолдау көрсетуге кіріскенін жеткізді.
«Баршаңызды сабыр сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз, өйткені құзырлы органдар тергеуді жалғастырып жатыр», — деп атап өтті министрлік.
Оңтүстік Котабато губернаторы Рейнальдо Тамайо бұған дейін журналистерге бір адамның қаза тапқанын, төрт адамның ауруханаға жатқызылғанын айтқан. Ол атысқан адамның кім екенін нақтыламады және оның қаза тапқандар не жарақат алғандар қатарында екенін де көрсетпеді.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Филиппиннің басқа да ресми органдарына сілтеме жасап, қаза тапқандар мен жарақат алғандар саны әлдеқайда көп деп хабарлап отыр.
Банга қаласының төтенше жағдайлар басқармасы таратқан мәлімдемеге сәйкес, атысқа байланысты «Банга муниципалитетінің барлық деңгейдегі оқу орындарында» сабақ тоқтатылды.
Филиппин Қызыл Крест ұйымы атыстан кейін көмек көрсету үшін медициналық топтарды жібергенін мәлімдеді.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, полиция қызметкерлері оқиға орнында тергеу жүргізіп жатыр.
Филиппинде атыс қаруымен жасалатын қылмыстар сирек емес — бұл ел аймақтағы қару иелену деңгейі ең жоғары мемлекеттердің бірі саналады, алайда мектептердегі атыс оқиғалары онша жиі кездеспейді.
Маусым айында Филиппиннің орталығындағы орта мектепте құрдастары оқ жаудырғаннан кейін үш оқушы қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алған болатын. Тергеушілер бұл қанды оқиғаны «бопсалауға байланысты кек» себебінен болды деп болжаған.


