Қытай билігі мемлекеттік қызметшіні шетел барлау қызметіне тыңшылық жасады деп айыптап, өлім жазасына кесті. Бұл туралы үкіметке жақын баспагер хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі ұлттық басқармамен байланысты «Алтын қабырға» баспасының мәлімдеуінше, сотталған адамның тегі — Ма. Ол шетелде жұмыс істеп жүрген кезде аты аталмаған шетел барлау қызметінің назарына түсіп, олардың қатарына тартылған.

Қытай соттары әдетте мемлекеттік қауіпсіздікке қатысты істер туралы ақпарат жарияламайды. Алайда соңғы жылдары қуатты мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі мен «Алтын қабырға» баспасы тұтқындаулар туралы жиі хабарлап, тыңшылыққа қатысты ескертулерді тарату үшін әлеуметтік желілерді, фильмдер мен комикстерді де пайдаланып келеді.

Дүйсенбідегі мәлімдемеде Ма «құпиялылық» пен «адалдық» туралы тармақтарды қамтитын ынтымақтастық келісіміне қол қойып, тұрақты ай сайынғы төлем алғаны айтылған. Жалпы алғанда, ол мемлекеттік құпия деп танылған 35 мәлімет беріп, 1 миллион юаньнан (150 мың доллар) астам ақша алған.

Мәлімдемеге сәйкес, Кайлин деп аталған барлау қызметкері қытай тілін үйренуге қызығушылық танытып, Мамен жиі кездесу ұйымдастырып, онымен байланысты тереңдетуді көздеген. Кейіннен Кайлин оны әріптесімен таныстырған, ал ол Ма ынтымақтасудан бас тартқан жағдайда бұған дейінгі берген мәліметтерін қытай билігіне хабарлайтынын айтып қорқытқан.

Қытайға оралған соң Ма шетелдік агенттік үшін барлау жинауды жалғастырған, ал агенттік оған ноутбук берген. Ол күндіз қызметтік орнын пайдаланып, құпия құжаттардан материал жинап, түнде оны тыңшылық сайты арқылы шетелге жіберіп отырған.

Мәлімдемеде қай елдердің қатысы бары, сот қашан және қайда өткені, сондай-ақ жазаның орындалғаны туралы ақпарат көрсетілмеген.

Бұл іс АҚШ барлау қызметі Қытайдағы ақпарат көздерін тарту жөніндегі өз әрекеттерін жария етіп жатқан кезге тұспа-тұс келді. Орталық барлау басқармасының YouTube арнасындағы ең көп қаралған бес бейнеролигі — қытай тіліндегі ақпарат көздерін тарту жарнамалары.

«Бұл шокирующий іс тағы бір ескерту болып отыр», — деп мәлімдеді «Алтын қабырға» баспасы. Онда шетел барлау қызметтері «айлакер» екені, олар маңызды лауазымдардағы адамдарды тарту үшін эмоционалдық байланыстарды, қаржылық мүдделерді және қорқытуды пайдаланатыны ескертілген.

Мәлімдемеде сондай-ақ шенеуніктерді сергек болуға, Коммунистік партияға адалдығын нығайтуға, мемлекеттік құпияларды қорғауға және шетелдік агенттердің тартуына қарсы тұруға шақырған.

2023 жылы Бейжің тыңшылыққа қарсы заңды кеңейтіп, тыңшылық ұғымының аясын ұлғайтты және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының тергеу өкілеттіктерін күшейтті. Келесі жылы ол мемлекеттік құпиялар туралы заңды қайта қарап, сезімтал ақпаратқа қатысты шектеулерді «жұмыс құпиялары» деп аталатын санатқа да таратты.