Лондон мен Темза алқабындағы 16 миллион тұтынушыға қызмет көрсететін Thames Water су компаниясы ағымдағы жылы немесе 2027 жылдың басында ақшасыз қалып, банкроттыққа ұшырамау үшін кредиторларынан тағы 2,4 млрд фунт сұрады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Біріккен Корольдіктің ең ірі су компаниясы бейсенбіде қысқа мерзімді қаржылай қолдау қажет екенін мәлімдеді. Себебі ол «2026 жылдың соңы немесе 2027 жылдың басында» ақшасыз қалғанша, алып қарыз жүгін реттеуге арналған ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізе алмайды.

Thames Water қор нарығына таратқан мәлімдемесінде «осы күнге дейін қайта капиталдандыру үдерісін аяқтай алмайтынын» жеткізді. Демек, кредиторлар қосымша қаржы бөлмесе, компания ақшасыз қалады.

Бұл коммуналдық кәсіпорын бірнеше жылдан бері күйреу алдында тұр. Қазір шамамен 20 млрд фунтқа жеткен қарыз жүгі оны тұншықтырып тастады. Акционерлер компаниядан кетіп қалды, сондықтан ол банкроттықтан құтылу жолын іздеген кредиторлардың тиімді бақылауына өтті.

Кредиторлар өткен жылдың ақпанында Thames-ке 3 млрд фунт көмек беріп, қарызды қысқартып, қосымша қаржы құю туралы келіссөздерді жалғастыруға мүмкіндік жасады. Лондон & Вэлли Уотер компаниясы деп аталатын кредиторлар тобын Elliott Management және Silver Point Capital сияқты американдық хедж-қорлар, сондай-ақ BlackRock пен M&G секілді институционалдық инвесторлар басқарады.

Алайда келіссөздер ұзаққа созылды. Су компаниясы 3 млрд фунттың 2,65 млрд фунтын пайдаланып қойды. Қымбат жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан ол ақшасыз қалуға бір табан жақын қалды.

Thames қосымша қаржы «өтімділікті 2027 жылдың күзіне дейін ұзартып, капиталдық бағдарламаны жалғастыруға және тұтынушылар мен қоршаған орта үшін жақсартулар жасауға мүмкіндік беретінін» айтты.

Thames Water кредиторлары құтқару жоспарының егжей-тегжейлі ұсыныстарын дайындады. Онда 4 млрд фунт несиені есептен шығару көзделген. Бірақ бұл жоспар Ofwat реттеушісінің компанияны бірнеше жылға ластану үшін айыппұлдардан босатуға келісуіне тәуелді. Мұндай перспектива Лейбористік үкімет үшін саяси тұрғыдан қолайсыз болып шықты.

Кейбір лейбористік саясаткерлер мен экологиялық белсенділер Кир Стармерді, кейін Энди Бернемді Thames Water-ді арнайы әкімшілік басқаруға өткізуге шақырды. Бұл — жаңа сатып алушы іздестірілгенше уақытша мемлекеттік бақылау нысаны.

Бернем Біріккен Корольдіктің су саласын мемлекеттік бақылауды күшейтуге уәде беріп, Thames Water-ді мемлекет меншігіне алу «жасалуы тиіс іс» екенін айтты.

Сонымен қатар премьер-министрдің ауысуы су саласындағы реттеушілік белгісіздікке әкелді. Стармер үкіметі Ағылшын банкінің бұрынғы вице-губернаторы сэр Джон Канлиффтің су жүйесін өзгерту туралы ұсынымдарын орындауға міндеттеме алған еді. Ал Бернем үкіметі не істеуді жоспарлап отырғанын әзірге нақтылаған жоқ.

Thames Water «нарықтық шешім табу үшін мүдделі тараптармен тығыз жұмыс істеуді жалғастырып жатқанын» мәлімдеді.

Thames Water кредиторлары ұсыныстарды айдың соңында дауысқа салады деп күтілуде.