Түркістан облысының полицейлері жеті тәулік бойы күйеуімен жанжалдан кейін төрт баласымен бірге үйден шығып кеткен әйелді іздеді. Оның Шымкентке барып, туыстарына хабарламай пәтер жалдағаны анықталды, — деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Отырар ауданының тұрғыны полицияға жүгінді: оның әйелі балаларымен бірге үйден шығып, бір апта бойы қайтып келмеген. Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Ауданның кіреберіс және шығаберіс жолдарына бақылау бекеттері қойылып, көліктер тексерілді, ал көрші аумақтарға бағыттамалар жіберілді.

6, 5, 3 жастағы және 10 айлық балалары бар әйелді таксиден тауып, бөлімге жеткізді. Оның кетуіне күйеуімен тұрмыстық жанжал себеп болғаны анықталды: ренжіп, ол балалары мен құжаттарын алып, ешкімге ештеңе айтпай Шымкентке кетіп, пәтер жалдаған.

«Жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді. Отбасы мүшелері татуласып, аман-есен үйлеріне оралды», — деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.