Ыстамбұл жағалауында екі кеменің соқтығысуынан кейін бір кеме және оның экипажы байланысқа шықпай қалды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Ыстамбұл губернаторлығының мәліметінше, оқиға Мәрмәр теңізінде, Ыстамбұлдың батыс маңындағы Силиври қаласынан оңтүстікке қарай 32 шақырым жерде, таңғы сағат 3-те болған. Соқтығысудан кейін Түркияның туын көтерген «Тугберк Имамоглу» кемесінің экипажымен байланыс үзілген. Ал тағы бір түрік кемесі «Алсу» зақымданбаған көрінеді.
Губернаторлықтың хабарлауынша, жағалау күзетінің Мәрмәр және Босфор командалық бөлімшелерінің теңіз күштері мен тікұшағы оқиға орнына жіберілген.
90 метрлік «Тугберк Имамоглу» жүк кемесі Жерорта теңізіндегі Искендерун портынан Қара теңіздегі Эреглиге бет алған. Ал 91 метрлік «Алсу» мұнай немесе химиялық танкері Ыстамбұлдың шығысындағы Коджаэлиден Эгей жағалауындағы Алиагаға жүзіп бара жатқан. Бұл туралы Marine Traffic сайты хабарлайды.
Мәрмәр теңізінің екі шетіндегі Босфор және Дарданелл бұғаздарынан тұратын Түрік бұғаздары — әлемдегі ең жүк тасымалы қарқынды жолдардың бірі. Жыл сайын Жерорта және Қара теңіздер арасында жүздеген мың кеме жүреді.


