Түркия полициясы гей-барлар мен ЛГБТ+ белсенділерінің үйлеріне жасалған рейдтер барысында 47 адамды ұстады. Бұл туралы ресми органдар мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Апта соңында 12 провинцияда өткен тінтулер «Менің отбасым қауіпсіз» деп аталған науқан аясында жүргізілді. Түркия үкіметі бұл науқанды отбасылық құндылықтарды қорғау мақсатында жасалғанын алға тартады. Операция нысандарының бірі — Kaos GL атты ЛГБТ+ қауымдастығы болды. Түркияда біржынысты неке мойындалмайды, гей-жұптарға қысым күшейіп келеді.
Түркиядағы адам құқықтары ұйымдары үкіметті осы науқанды ЛГБТ+ қауымдастығын нысанаға алу үшін пайдаланып отыр деп айыптады. Ыстанбұл бас прокурорының кеңсесінің мәліметінше, рейдтер кезінде 26 адам ұсталып, есірткі, цифрлық жабдық, заңсыз әкелінген алкоголь және атыс қаруы тәркіленді. Бөлек мәлімдемеде Анкара бас прокурорының кеңсесі Kaos GL-ге қатысты тергеу аясында тағы 21 адамның ұсталғанын хабарлады.
Ұйымның мәлімдеуінше, 50 белсенді ұсталған, оның 10-нан астамы полиция үйлеріне жасаған рейдтен кейін алынған. Сондай-ақ билік ЛГБТ+ ұйымдарына қатысты бірнеше сайт пен әлеуметтік желі аккаунтын бұғаттаған.
Топтың айтуынша, билік Kaos GL-ді балаларға қолжетімді онлайн жазбаларда «әдепсіздік» жасады деп айыптап, Kaos GL-дің X желісіндегі аккаунтын, сондай-ақ шамамен 15 басқа ЛГБТ+ ұйымының аккаунттарын жабуға талап қойған.
Түркияда біржынысты қатынастар қылмыс саналмайды, алайда гомофобия кең таралған. Президент Режеп Тайип Ердоған ЛГБТ адамдарын туу көрсеткішінің төмендеуіне кінәлі «азғындар» деп сипаттаған.
«Менің отбасым қауіпсіз» науқаны аясында Түркияның әділет министрі Ақын Гүрлек ел бойынша 160-тан астам адамға, бірқатар ұйым мен компанияға қарсы құқықтық іс қозғалғанын айтты. Гүрлек қанша адамның қамауға алынғанын нақтыламады, бірақ рейдтер «Отбасы онжылдығы» науқаны аясында жасалғанын мәлімдеді.
Алайда Түркияның Адам құқықтары қауымдастығы Түркия үкіметі соңғы жылдары осы науқанды ЛГБТ+ қауымдастығын нысанаға алу үшін пайдаланып келе жатқанын айтады. «Бұл операцияның шын атауы — „Менің отбасым қауіпсіз“ емес; ол — мемлекеттік кемсітушілік, қорқыныш саясаты және азаматтық қоғамды ыдырату», — деп мәлімдеді ұйым X желісінде.


