Ван Гогтың майлы бояумен салынған суреті аукционда 190,4 миллион долларға сатылды. Сатып алушының кім екені әзірге белгісіз, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Аукционға қойылғанға дейін туындының құны 180 миллион долларға (136 миллион фунт стерлинг) бағаланған. Ол «Блакье-Арриета коллекциясы» деп аталған жинақтың құрамында саудаға шығарылды.

«Сотбис» аукцион үйі сауда басталардан бірнеше сағат бұрын Блакье-Арриета отбасы мен суреттің бұрынғы неміс иелері — Фишер отбасының мұрагерлері арасындағы дауды шешкенін мәлімдеді. Фишер отбасының мұрагерлерінің атынан әрекет еткен өкілдер сурет нацистер билікке келген тұста қысыммен сатылған болуы мүмкін деп шағымданған еді.

Мұрагерлердің адвокаты «Сотбис» аукцион үйіне хат жолдап, сурет Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Амстердамда Фишер отбасының баспа компаниясы нацистер тұсында шеккен қаржылық шығындарының салдарынан сатылғанын жеткізген. Би-би-си адвокатпен байланысуға әрекет жасады.

«Сотбис» сәрсенбі күні: «Суреттің нацистік дәуірдегі күрделі тарихын және Фишер отбасының Холокост кезінде бастан өткерген азабын ескере отырып, екі отбасы өзара қанағаттанарлық шешімге келді, ал туынды олардың келісіміне сәйкес сатылады», — деп мәлімдеді.

Аукцион үйінің сайтында майлы бояумен салынған суреттің шығу тарихы және 1890 жылдан бері туындының қолдан-қолға өтуі қалай зерттелгені егжей-тегжейлі баяндалған.

Онда атақты неміс баспагері Самуэль Фишер суретті 1909 жылы иемденгені, ал 1934 жылы ол қайтыс болған соң туынды оның отбасында мұра ретінде қалғаны айтылады. «Сотбис» мәліметінше, сурет 1932 немесе 1933 жылы Амстердамдағы Пауль Кассирерге сақтауға қойылған, кейін 1936 жылы Париждегі Анриетта мен Марсель Капферерге өткен. Одан кейін сурет төрт түрлі иесінің қолында болған.

Аукцион үйінің хабарлауынша, Блакье отбасы туындыны 1975 жылы иемденіп, соңғы саудаға дейін жарты ғасырдан астам уақыт ұстаған.