АҚШ президенті Дональд Трамптың үлкен ұлы Дональд Трамп кішінің бұрынғы жұбайы Ванесса Трамп биылғы жылы сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылғаннан кейін алты ай өткен соң дерттен толық айыққанын хабарлады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
48 жастағы Ванесса Трамп президенттің үлкен ұлынан бес бала тәрбиелеп отыр. Ол 19 жасар қызы Кайдың Instagram парақшасында жарияланған қысқа бейнежазбада соңғы тексеру нәтижелерінің «таза шыққанын, сөйтіп ақыры ісіктен толық айыққанын» айтты.
Жұма күні жарияланған бейнежазба сенбіде шығатын ұзағырақ YouTube видеосының алдын ала хабарламасы іспетті. Онда Ванесса мен Кай Трамп сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру және оның алдын алу жолдарын талқылайды, деп жазды Кай бейнежазбаның астындағы түсініктемесінде.
Ванесса Трамп 2018 жылы Трамп кішіден ажырасқан. Ал былтыр ол американдық кәсіби гольфшы Тайгер Вудспен кездесіп жүргенін жария еткен еді.
«Қазан — сүт безі қатерлі ісігі туралы хабардарлық айы. Бұл — ерте анықтау, ағарту және дертке шалдыққандарға қолдау көрсету мәселелеріне назар аударатын уақыт», — деп жазды Кай Трамп Instagram-да. «Мен анаммен және доктор Николь Сафирмен бірге анамның сүт безі қатерлі ісігімен күрес жолын әңгімелесіп, алдын алу мен ерте анықтау туралы көбірек білу үшін отырдым», — деп жалғады ол сөзін.
Кайдың жазбасы 20 мыңнан астам лайк жинап, жүздеген пікір қалдырды. Қолдау мен тілек білдіргендердің қатарында американдық әнші әрі медиа тұлға Мэри Миллбен де бар.
Жұма күнгі бейнежазбада Ванесса Трамп сүт безі қатерлі ісігі диагнозының алғаш рет сәуірде қойылғанын айтты. Ол дерт туралы мамырда көпшілікке жария етіп, әлеуметтік желідегі жазбасында ота жасалғанын және медициналық тобымен бірге емдеу жоспарын әзірлеп жатқанын мәлімдеген болатын.
Американдық қатерлі ісік қоғамының дерегінше, АҚШ-та әйелдердің сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу қаупі орта есеппен 8 адамның бірінде, яғни шамамен 13 пайыз. Сол қоғамның мәліметі бойынша, бұл дерт жыл сайын әйелдерде жаңадан тіркелген қатерлі ісік ауруларының 30 пайызын құрайды.
Сүт безі қатерлі ісігінің көбін ота арқылы емдеуге болады. Алайда дерттің бір бөлігі сақталып қалса, химиотерапия, радиациялық ем және эндокриндік ем ұзақ мерзімді қауіпті азайтады.
Ем әдістері үнемі жетілдіріліп келеді: ерте сатыдағы сүт безі қатерлі ісігіне арналған дәлірек мақсатты терапиялар, гормондық емнің жаңа түрлері, сондай-ақ неғұрлым дәл әрі тиімді радиациялық ем пайда болуда.


